Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік салаға бағытталған біршама мәселе көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе жәрдемақы, жатақхана, зейнет жасы, әр балаға әлеуметтік шот ашу туралы бастамалар халықтың көңілінен шығып отыр.
БЛИЦ:
Ұлттық қордан баяғыдан бері әр балаға қаржы бөлгені жөн еді ғой. Дамыған елдерде бұл қалыптасқан жағдай. Енді бізде де солай болса, тамаша. Жаңа Қазақстан – дамыған елдердің қатарына енді деп ойлаймыз.
Әр туған баланың 18 жасқа толғанша есеп шотына белгілі мөлшерде қаржы жиналады, ол кейін өзінің қажеттілігіне жұмсалады. Бұл өте дұрыс қадам. Әрбір ата-ана баласының болашағына сенімі нығаяды.
Кәмелет жасына жеткенде әр азаматтың алғашқы капиталы болады. Бұл керемет! Осылайша әркім дүниеге келген күнінен бастап мемлекеттің қамқорлығын сезінеді. Ата-анаға да үлкен қолдау.
Бүгінгі Жолдауына Президент 2024 жылдан бастап әр балаға арнайы есепшот ашылатынын айтты. Енді олардың ата-аналары, ата-әжелері үшін бұл үлкен қуаныш. Олар ұрпақтарының келешегіне алаңдамайды.