Батыс Қазақстан облысында ауылдық жердегі оқушыларды тасымалдау үшін мектептерге тоғыз автобус табыс етілді. «Балалар жылы» аясында жыл соңына дейін тағы 45 автобус беріледі. Қазір өңірде мектебі жоқ 73 елді мекенде тұратын 4 мыңдай бала күн сайын басқа мектептерге көлікпен жеткізіледі. Автобус лизингтік несие арқылы алынып жатыр. 21 орындық қоғамдық көлік Семейде құрастырылған. Республикалық бюджеттік комиссиясының шешіміне сәйкес автобус мектеп жасындағы балаларды тасымалдауға арналған.
Луара Батырғалиева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Лизингпен келген 9 автобус Бәйтерек, Ақжайық, Казталов, Сырым, Жаңақала аудандарына табысталады. Қарашаның соңына дейін бізге 54 автобус келеді деп күтілуде. Оларды сатып алу үшін жалпы 2 млрд 799 млн теңге қарастырылды.