Сарапшылар: Транзиттік қуатты арттыру – Жолдаудағы басым бағыттардың бірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Транзиттік қуатты арттыру – Жолдаудағы басым бағыттардың бірі

02.09.2022

Еліміздің транзиттік қуатын арттыру – Жолдауда айтылған басым бағыттардың бірі. Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия мен Еуропа арасындағы аса маңызды құрлықтық дәліз болып отыр. Бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек, деді Президент. Елімізде қолға алынған ірі жобаларды тез арада іске қосу міндетін жүктеді.

Ақтауда құрылып жатқан контейнер хабы, Транскаспий дәлізін дамыту - Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейту мақсатында жасалып жатқан бірегей жобалар. Мұны жүзеге асыруға әлемдегі үздік логистикалық компаниялар тартылмақ. Осы орайда «Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады, деді Мемлекет басшысы.

Тыныс Сүлейменов, техника ғылымдарының докторы, профессор:

Ақтау порттарында құрылатын контейнерлер тасымалдауда үлкен хабтар орналастыру – әлемде дамыған тасымал. Қытайға өтсе де, Батыс Еуропаға өтсе де Қазақстан арқылы өтеді. Енді сол дәліз жолдары әлемдік деңгейде салынады деген пікір айтылып отыр. Ол дегеніңіз, көптеген жұмыс орындары ашылады. Экономиканың негізгі күретамыры осы энергетика мен транспорт.

Президент 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсартуды тапсырды. Павлодар Ресейдің үш өңірімен шекаралас. Еліміздің Шығысына апаратын жол да осы облысты кесіп өтеді. Өңір аумағындағы 5700 шақырым автөкөлік жолының 50 пайызы – жергілікті жолдар. Таспадай тартылған тұтас асфальт емес. Әсіресе шалғай елді мекендерге апаратын жол сапасы сын көтермейді. Мәселен, биыл өңірде жол салу жұмыстарынан 400 ден астам олқылықтар анықталды. Елордадан Павлодарға Ертіс өзені арқылы кіретін қақпадағы көпір әбден ескірді. Жылдар бойы жөнделмей тұр.

Талғат Қайратхан, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РММ облыстық филиалының директоры:

Логистика жағынан өте маңызды мәселе. Павлодар өңірінде көпіріміз бар. Ескі көпір. Бүгінгі күні ол көпірмен жүк көлігінің жүруіне тыйым салынған. Ол көпірді дұрыс қалпына келтіріп немесе жаңа көпір салынғаннан кейін біздің осы жол бағытындағы логистикамыз 50 пайызға қысқарады. Президентіміздің Жолдауынан кейін бізге үлкен бір пәрмен беріліп тұр. Осы бағытта жұмысымызды күшейтеміз.

Өмір жолдан басталатынын Президент бүгінгі Жолдауында айқындап берді. Шешім дұрыс, бағыт белгілі. Әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналу жолында аянбауға әзірміз дейді сала мамандары.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу