Жоғары сапалы битум өндірісі бір жарым есеге артады. Сонымен қатар, жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары кейінге қалдырылмақ. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің атыраулық мұнайшылармен кездесуінде айтылды. Қара алтын өнімдерін өндіру және жөнелту мәселесі талқыланып, Президент жолдауындағы тапсырмалардың орындалу барысы пысықталды.
Президент жолдауында: «Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс.» деп қадап айтты. Елімізде битум тапшылығының көлемі шамамен 200 мың тонна. Шикізатты 3 зауыт өндіреді. Кәсіпорындар ішкі нарыққа жылына 850 мың тоннаға дейін жөнелтеді. Бірақ, ол да жеткіліксіз. Әсіресе жазғы маусымда сұраныс артады. Енді қажеттіліктің орнын толтыру – ақтаудағы «Каспий битум» зауытына жүктеліп отыр.
Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
«Caspi Bitum » зауытының қуатын 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік бар. Біз осылайша өндіріс көлемін 500-ден 750 мың тоннаға көбейте аламыз. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі де әзір тұр. Мамандар жобалауға кірісті. Біз осы арқылы ішкі нарықты толық қамтимыз.
Жиын барысында Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуеті де талқыланды. Кәсіпорын биыл қара алтын өңдеу көлемін 5 млн тоннадан асырмақ.
Мұрат Досмұратов, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры:
Зауыт өткен айда 157 мың тонна дизель отынын өндірді. Бұл жоспардағыдан әлдеқайда артық. Сондықтан дизель отыны жөнінде проблема жоқ.
Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін, Атырау мұнай өңдеу зауытының қыркүйек айына жоспарланған жөндеу жұмысын кейінге ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ретте Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорын басшылығына сұйық отынға қатысты қазіргі ахуалды ескере отырып, мәселені қайта қарауды және жедел шешуді тапсырды.
Жандос Темірғали