Ақтөбе облысы: 12 мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысы: 12 мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты

02.09.2022

Білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай тапшылық 1 миллионға жетеді. Президент кешегі жолдауында осы мәселені айрықша атады. Қазір елде 100-ден аса мектеп үш ауысымда білім береді. Мәселен, тек Ақтөбе облысының өзінде осындай 12 білім ошағы бар.

Бұл Ақтөбе облысындағы ең ірі мектептердің бірі. Жаңадан бой көтеріп жатқан білім ордасында үш ауысымда 2600-ден аса бала білім алады. Басшылық осы уақытқа дейін қуыс-қуыстың бәрін пластик қабырғалармен бөліп, кабинет жасақтаумен болған. Ал, жуырда мектеп директоры жеке кабинетін оқушыларға беріп өзі жертөлеге көшті. Айтуынша, бұл қажеттіліктен туындаған жағдай.

Абзал Тәжімішов, №60 мектептің директоры:
Гардеробтардың бәрін класс кабинет қылдық. Қай жерден класс кабинет жасауға болады, сол жердің бәрін жасадық. Тағы кабинет жетіспегесін мен өзім кабинетімді босатып, 11 сынып оқушыларына бердім. Жетөлеге орналастым, өздеріңіз көргендей. Жағдайдан осылай шығып жатырмыз.

Облыста үш ауысымды мектептерден бөлек 4 апатты мектеп бар. Оның бірі Қызылжар ауылында орналсқан. Құрылысы 40 жыл бұрын басталып, бірнеше мәрте тоқтап, қайта жалғасқан. Алайда, ғұмыры ұзаққа бармады.

Қазір ауыл балалары көрші елдімекендерге қатынап оқуға мәжбүр. Ата-аналардың айтуынша, оған арнайы автобус бөлінгенімен, жолдан шаршап келетін балаларымыз толыққанды білім ала алмайды дейді.Ал, білім саласына жауаптылар бұл ауылда жаңа мектеп тек 2024-інші жылы салынады дейді.

Қайсар Қалиасқаров, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Жары құлап жатыр,ашылып жатыр. Қазір балалар Ақжар-2, Заречный-2, сол жақтарға қатынап оқиды автобуспен. Сол жағы шамалы қиын.

Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша мектептерде 12 мыңдай орын тапшылығы бар. 5 мектеп үш ауысымда білім береді. Дегенмен, салаға жауаптылар Президент тапсырмасына сай бұл мәселелерді алдағы екі жылда толық жоямыз дейді.

Ләззат Ордабаева, Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
25-інші жылға дейін облыс бойынша 54 мектеп салынады. Қазір облыстық бюджет есебінен 3 млрд, 300 млн теңге бөлінді. 14 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 6 мектеп пайдалануға беріледі.

Білім министрлігінің мәліметінше, үш ауысымды мектептер мәселесі, әсіресе, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласында өзекті. Сондықтан, Мемлекет басшысы соңғы жолдауында 2025 жылға дейін салынуы тиіс мектеп санын мыңға жеткізуді тапсырды. Нәтижесінде, апатты білім беру мекемелері мен үш ауысымдылық мәселесі толық шешілуі тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу