Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінде шыққан өрттен бір адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінде шыққан өрттен бір адам қаза тапты

03.09.2022

Қостанай облысындағы орман өрті мен қаладағы қару-жарақ дүкенінен шыққан тілсіз жау туралы журналист Дәуренбек Әбдібек хабарлайды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қызыл жалын Қазанбасы ауылы маңында тұтанған. Ыстық ауа райы мен желден ол тез жайылып кеткен. Өртті сөндіруге ну орманның ішінде жолдың жоқтығы кедергі келтіріп отыр. Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин барды. Жедел штаб құрылған. Тілсіз жаумен күреске ондаған арнайы техника мен төтенше жағдайлар қызметкерлері мен әскерилер жалпы саны 500-ге жуық адам жұмылдырылған. Осы орман өртіне байланысты Қостанай-Әулиекөл-Сұрған автожолының бір бөлігі жабылды.

Сондай-ақ, бүгін қаладағы қару-жарақ дүкендерінің бірі отқа оранды. Қызыл жалын жақын маңдағы техникалық қызмет көрсету бекеті мен 8 үйдің шатырына жайылған. Дүкен иесі ғимараттың жертөлесінде 2 адам қалғанын, алайда оқ-дәрілердің жарылуына байланысты өрт сөндірушілер оларға жете алмағанын айтқан. Кейін құтқарушылар ер адамның денесін алып шықты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше өрттен 7 адам зардап шеккен. Ал дүкен иесінің денесінің 50 пайызын күйік шалған. Оларға қажет медициналық көмек көрсетілді. «Оттың нақты неден тұтанғаны әзірге белгісіз», - дейді мамандар. Ал жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланып, мектепке орналастырылып жатыр.


Хабарламаларға жазылу