Ақмола облысында пайдаланылмай жатқан 63 мың гектардай жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ғарыштық бақылау арқылы өңірде 900 мың гектар жердің игерілмегені анықталған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Алайда, егістіктер мен жайылымдарды қайтару оңай болмай тұр.
Біржан сал ауданындағы «Агро-Құдық-ағаш» серіктестігі егістік арасындағы жайылымдарды қолданбай келеді. Бірақ жерді мемлекет меншігіне қайтарғысы жоқ. Өздері айналымға енгізбек.
Болат Әлжанов, «Агро-Құдық-ағаш» ЖШС директоры:
356,7 гектар жер игерілмей, қолданылмай тұр. Оған біздің ЖШС-ның қаражаты жетпеді. Жоспар бойынша 2023 жылы осы жерлерді қолданып, осы ұйғарым арқылы сол жерлерді қолданып, мал шаруашылығына ақырын кірісейін деп жатырмыз.
Ал «Интаж» серіктестігі 2016 жылы 3300 гектар жер алған. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысу үшін жайылымның болуы міндетті талап. Сауын сиырлар қорада болғанымен, бұзаулар мен торпақтар жазда далада жайылады, - дейді шаруа.
Бүркіт Шағатов, «Интаж» ЖШС директоры:
Біздің мал қора Бурабай ауданында. Малымыз сонда тіркеуде тұр. Ал жер Біржан сал ауданында. Сондықтан жер бар, ал мал жоқ сияқты көрінеді. Малды көктемде бір, күзде бір тіркеу, есебін ауданнан ауданға ауыстыру қолайсыз.
900 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оның 63 мыңы мемлекетке қайтарылса, 130 мың гектарын пайдаланушылар айналымға қосқан. Ал 93 мың гектар жайылым бойынша бірнеше іс сотта қаралып жатыр. Жер алып, бірақ пайдаланбай отырған 300-ге жуық тұлға бар. Оларды тексеру үшін міндетті түрде хабарлама жолдау қажет.
Рүстем Төкенов, Ақмола облысы Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары:
Тексеріс жүргізу үшін прокуратура органдарына тіркеу жасау керек. Сол тіркеу жасау үшін осындай хабарламалар жеткізу керек. Бірақ та, бір кедергі болып тұр бүгінгі күні. Субъектілерді анықтау жайында қиыншылықтар бар, хабарлама алудан бас тартады, алғысы келмейді.
Сондықтан электронды хабарлама жіберіп-ақ, тексеруге кірісуге рұқсат беру қарастырылып жатыр. Пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлер бойынша биыл ұйғарым шығару көзделген. Мұнан кейін де бір жылда игерілмесе, мәжбүрлі түрде қайтару тетіктері іске аспақ.
Ермек Елберген