Ұлттық қор – балаларға - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қор – балаларға

04.09.2022

Бес баланың анасы Ғалия Ақбасова – аудандық аналар кеңесі төрағасы. Ай сайынғы жәрдемақыға ғана жалтақтап, балалардың болашағына инвестиция құймақ түгіл бүгінгі қажетін әрең қамтып отырған отбасылар өте көп дейді ол.

Ғалия Ақбасова, Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы:

Бұл енді балалар өздері өскеннен кейін, 18 жасқа толғанда біліміне, денсаулығына, мүмкін жеке кәсіп ашатын шығар, осы дүниелерге керекті қаржы деп ойлаймын. Және ата-аналарына үлкен көмек.

Ұлттық қор – елдің қуатты қаржылық тірегі. Талай дағдарыста мемлекет қорға жүгінді. Қордың кірісі - табиғи байлықтың түсімі. Ал оның игілігін әр отбасы көруі керек. Сондықтан, жыл сайынғы инвестициялық табыстың тең жарымы балалардың есепшотына аударылып тұратын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.

Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, Президент жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырды. «Жаңа бастама қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға да сеп болады. Ол үшін сарапшылар бағдарлама аясында тұрғындарға мынадай мүмкіндік берілуі тиіс деп есептейді.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Оған тағы арнайы заңмен қарастыруымыз керек біз өзіміздің де жанұялық бюджеттің мүмкіндігіне қарай қаражатты сол арнайы счетқа аударуға мүмкіндік алуымыз керек. Соның табыстылығы мысалы мына отбасы банкке депозит ашатын болсық 1 жылдың аяғында 20 пайыз сыйақы берілетіні белгілі иә? Ал бұл жерде біз 50 пайызға дейін өсіріп қоятын болсақ онда қарапайым халық ақша жинаудың ақшаны дұрыс тиімді пайдаланудың да бір тиімді көзі ретінде осы арнайы счетты пайдалана алады.

Құрылғалы жатқан қор болашаққа құйылатын инвестиция екені сөзсіз. Дегенмен оның экономикадан бөлек психологиялық әсері басымырақ болады деген пікірлер бар.

Жолдауда айтылған тағы бір бастама - сәбиге төленетін жәрдемақының мерзімі ұзартылады. Жөргекпұл бала бірге келгенше беріліп келген еді, енді тағы жарты жылға ұзартылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.

Көкшетаулық Майра Тоқанова қазір бала күтімімен үйде отыр. Ең Кішісінің жасы 6 айдан асқан. Қолданыстағы заңға сәйкес жарты жылдан соң мемлекет тарапынан төленетін жөргекпұл тоқтауы керек.

Майра Тоқанова, қала тұрғыны:

Бұған дейінгі екі балада жәрдемақы 1 ақ жыл төленіп келді. 1 жастағы баланы не балабақшаға бере алмайсың, не біреуге қарауға тастап кете алмайсың. 3 жасына дейін жұмыссыз отыруға мәжбүр болдым. Үйіміз ипотекамен алынған, басқа несиелеріміз болды. Жолдасым сол кездері 2-3 жұмыс істеген кездері болды. Осындай жағдайды бастан кешіп отырған қаншама отбасыға бұл үлкен көмек.

Ұлттық қор – болашақ ұрпаққа қалдырылатын қаражат. Оның қазірден адам капиталына қызмет етуі керектігін қоғам талай мәрте көтерген. Президент бастамасы соның нақты қадамы.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу