Баспана мәселесі: Қостанайда құрылыс басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баспана мәселесі: Қостанайда құрылыс басталды

08.09.2022

Қостанай облысында өрттің салдарынан баспанасыз қалғандарға тұрғын үй салу жұмысы басталып кетті. Құрылыс Әулиекөл ауданының орталығында жүріп жатыр. Жоспар бойынша барлық коммуникациялармен қамтылған, заманауи үйлер 2 ай ішінде салынып бітуі тиіс.

Елена Кисленко алапат өрт кезінде баспанасымен бірге бар жиған тергенінен айрылған. Ол Аманқарағайда өзінің екі баласымен және туысының ата–анасынан айрылған екі перзентімен бірге тұрған. Көзіндегі мұң сейілмесе де елдің ықыласы мен құрлылыстың жедел басталуы қам көңіліне демеу болғандай.

Елена Кисленко, Аманқарағай ауылының тұрғыны:
Адамдарға шексіз алғысымды білдіремін. Барлық жағынан көмектесіп жатыр. Оқитын екі балаға мектепке қажеттің бәрін алып берді. Сабақтарына барып жүр. Құрылыс уақытында аяқталып, өзіміздің баспанамыз болғанын асыға күтемін.

Алайда зардап шеккендердің бірқатары жаңа үйлердің Әулиекөлден салынатынына наразы. Олар баспана өздері бұған дейін тұрған Аманқарайғайдан тұрғызылғанын қалайды.

Владимир Гейзер, Аманқарағай ауылының тұрғыны:
Бұл жердің топырағы бау-бақша егуге қолайсыз. Батпақ. Сәл қазсаң су шығады. Сондықтан ертең ылғал тартып, үй ішін көк басады деген сөз. Бұдан адам түрлі ауруға шалдығады. Қыста қар басады. Қатынасқа да қиын.

Әкімдік мамандары бас жоспар бойынша барлық сараптама жасалып, аумақтың тұрғын үй салуға жарамдылығы анықталғанын айтады. Сондықтан азаматтардың алаңдауына негіз жоқ деп отыр. Ал жаңа аудандағы үйге қоныстанудан үзілді-кесілді бас тартқандарға өтемақы беріледі.

Әділбек Нұрханов, Әулиекөл аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
Үйді бағалайды. Сосын бағасына сәйкес өтемақы береді. Мысалы 10 млнға бағаласа, сол ақшаны алып әркім өзі қалаған жерден үй сатып алуына болады. Осында 91 отбасының 70 пайыздан астамы келіп, көріп кетті. 

Жаңа ауданның аумағы 12 гектар. Осы жерге әрқайсының көлемі 100 шаршы метр болатын, төрт бөлмелі 91 үй мен жол салынады. Газ, жарық пен су тартылады. Құрылысты қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу