Қайырымды іс: Еріктілер 1200 тонна гуманитарлық көмек таратты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайырымды іс: Еріктілер 1200 тонна гуманитарлық көмек таратты

08.09.2022

Қостанайдағы өрттен зардап шеккендерге 5 күнде 270 тонна гуманитарлық көмек таратылды. Дені - күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік. Бұл іске «Amanat» партиясының «Жастар рухы» қанатының еріктілері мұрындық болған.

Партияның Қостанай облыстық филиалы 5 күнде Аманқарағай, Озерное және Басаман ауылдарындағы тұрғындарға қол ұшын созған. Еріктілердің жұмысы қауырт. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген гуманитарлық көмекті қабылдап, таратып жатыр.

Олжас Мамыр, ерікті:

Қостанайдағы жағдайды естіген сәттен бастап бір орында тұра алмадық. Сол түні көмек жинау және көмектерді жіберу, волонтерлар тобын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жасалды. Атқарылды. Бүгін мінекей, 15 волонтер келдік.

Жайна Әлімова, ерікті:

Қыздардың жұмысы сұрыптау, тауарларды бөліп салу. Қанша тауар кеткендігін, кімдер алып жатқанын, соның барлығын бақылауда ұстап жатырмыз.

Алапат өрт басталғаннан Қостанайға еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер жиналды. Қауіпке қарамастан, олар қолынан келген көмегін аяп жатқан жоқ.

Сүндет Кенжебаев, Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты:

Кезінде мынау Мақтааралды су басқан кезде келіп,бүкіл Қазақстан бойынша нағыз еріктіліктің үлкен бір өрнегін көрсетіп кетті. Сол нәрсені дұрыс пайдаланып, дұрыс жолға қоя білдік деп ойламын.

Аманаттықтар бұған дейін зардап шеккендерге 1200 тоннадан аса гуманитарлық көмек жинады. Партияның өңірдегі 20 филиалында жәрдемді қабылдау пункттері жұмыс істеп тұр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу