Мәулен Әшімбаев: 7 жылдық мерзім саяси бәсекелестікті арттырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев: 7 жылдық мерзім саяси бәсекелестікті арттырады

08.09.2022

Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу саяси бәсекелестікті арттырады. Осылай деген Сенат төрағасы бұл бастама саяси реформалардың жалғасы екенін жеткізді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, 7 жыл кез-келген ауқымды бағдарламаны іске асыру үшін жеткілікті. Ел дамуының қарқынын арттыру үшін де маңызды. Сондықтан 7 жылдық мерзім алдағы Президент сайлауынан кейін басталуы керек дейді. Әрі келесі жылы өтетін депутаттардың сайлауына да тоқталды. Айтуынша саяси дода Мәжіліс, Сенат, Мәслихат және үкіметке жаңа адамдардың келуіне мүмкіндіктер береді. Саяси партияларға жол ашылады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Халықтың көпшілігі бүгінгі күні елімізде іске асырылып жатқан бағдарламаны қолдайды деп ойлаймын. Бұл бағдарламаның негізі әділетті Қазақстанды құру. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелерді шешу, мемлекеттік капитализмнен кету, бизнесті дамыту, әртүрлі топтарды тәртіпке шақыру. Сол себепті алдағы Президент сайлауында Қазақстан халқы осы өзгерістерді қолдайтынына толықтай сенемін.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев елорданың атауын қайта Астана деп өзгерту ұсынысына қатысты ойын білдірді. Бұл ретте азаматтардың пікіріне құлақ асу керек дейді төраға. Айтуынша, қазақстандықтардың не айтып жатқанын ескеріп, Мәжіліс депутаттары осындай бастама көтерді. Мұндағы ең басты фактор – халық үні. Азаматтар қолдаса, шешім шығаруымыз керек. Бұл жерде саяси ойын жоқ. Басты мәселе – халықтың пікірін ескеру», - деді Сенат төрағасы. Десе де әзірге нақты шешім жоқ. Талқылау жүріп жатыр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу