Қасым-Жомар Тоқаев: Енді қандай да бір тұлғаға басымдық берілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомар Тоқаев: Енді қандай да бір тұлғаға басымдық берілмейді

11.09.2022

Апта соңында бизнесмендермен кездескен Президент «Енді қандай да бір тұлғаға басымдықтар берілмейді», - деді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін салық саясаты түбегейлі қайта қаралып, кәсіпкерлер артық әкімшілік қысымнан босатылуы тиіс. Осылайша, жаңа кәсіпкерлер буынын өсіреміз, - деп отыр Тоқаев. «Қазақша» бизнесті қойып, адал бизнеске көше аламыз ба? 

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерімен биылғы үшінші мәрте ауқымды жиыны. Қаңтар оқиғасынан кейін Президент экономиканың үлкен секторларын ұстап отырған компания иелерінің басын қосып, жаңа ойын ережесін айқындаған еді. Енді бәріне мүмкіндік тең болады деген сөз сонда айтылған. Мамырда да жүздесіп, экономика саясатының бағыттарын нақтылады. Енді міне күз келіп, Ақордаға тағы да бизнес иелері шақырту алды. Тоқаев бірден басты принциптердің өзгермегенін еске салды. Ол ең әуелі - әділеттілік. Ескіше таныс-тамырға басып өзіне ұтымды жағдай жасауға ұмтылатындарға бұл соңғы ескерту болуы әбден мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бәсекелестік жағдайы теңестіріледі. Мемлекеттік аппараттағы байланыстары мен оның тарапынан жасалатын қамқорлыққа қарамастан, Қазақстанда адал бизнеспен айналысу кез келген адамға тиімді және қауіпсіз болуға тиіс. Бұл – негізгі ұстаным.

Тағы бір маңызды мәселе. Қазақстан негізгі тауар түрлерін өзі өндіріп, ішкі нарықты толықтай қамтуы қажет. Басқасын айтпағанда қарапайым заттарды шығармаймыз. Ыңғайсыз болса да, мәселені ашық айтып шұғыл шешу керек деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
30 жыл болды негізгі тауар түрлерімен өз-өзімізді қамти алмай келеміз. Битум, құбыр, әйнек және тағы басқа құрылыс заттарымен. Жақында қант тапшылығы болды. Жылына 550 мың тұтына отырып, біз небәрі 50 мыңдай ғана шекер өндіреді екенбіз. Яғни, шамамен 10 пайызын ғана.

Әрине кәсіпте ірі ойыншылардың аяқ алысы маңызды. Бірақ мемлекеттің тірегі шағын және орта бизнес. Президент оларға қолдауды күшейтеміз деді. Жақында жариялаған жолдауда да осы саланы қозғап, жастарға 2,5 пайызбен несие берілетіндігін айтқан еді. Қазір бұл күйіп тұрған мәселенің бірі. Себебі елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард доллар жетіспейді. Есесіне банктерде триллиондаған теңге осындай іске қолданылмай жатыр.

Гүлмира Байыркенова, заңгер-экономист:
Қазақстанда жалпы кәсіпкерлік саласында несие беретін бағдарламалар көп. Бірақ бюрократиялық кедергі, қағазбастыдық көп. Несиенің пайызын төмендету жалпы ол әлемде мұндай тәжірибелер көп. Ол туралы біздің кәсіпкерлер халықтан бұл туралы талай айтылған болатын. Енді біздің мемлекет осындай бағыт алып кәсіпкерлерді, халықты қолдаймын деген шарасын дұрыс деп ойлаймын.

Дегенмен мемлекет ірі, қалыптасқан бизнесті қолдаудан бас тартпайды. Керісінше, Әділетті Қазақстанды құруға ең әуелі соларды шақырып отыр. Әділеттілік принципінің нақты көрінісі жаңа салық кодексімен айқындалатын секілді. Себебі қазіргі салық саясатында тепе-теңдік жоқ. Мысалы, ірі компаниялар шағын кәсіпорынның деңгейінде ғана салық төлейді. Бұл бюджетті қомақты қаржыдан айырып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2024 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оны әзірлеуге бизнес тікелей қатысады. Бұл – менің Үкіметке берген тапсырмам. 2024 жылдан «басынан бастап реттеу» жүйесі іске қосылады. Бұл бизнесті артық әкімшілік қысымнан босатады. Мемлекеттік сатып алу тәсілдері мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі толығымен қайта қаралып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңнама жетілдіріледі.

Жаңа салық заңнамасын әсіресе шағын кәсіпкерлер құптап отыр. Қызылордалық Ұлжан Ермаханқызы 20 жылдан бері сауда-саттықпен айналысып келеді екен. Осы аралықта түрлі кедергілерге тап болғанын айтты. Әсіресе, жеке сауда орталығын ашу кезінде жер телімін заңдастыру жағы қиындық туғызған. Және қазіргі салық заңнамасындағы шикіліктер еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуын тежейтін бірден-бір фактор деп есептейді.

Ұлжан Ермаханқызы, кәсіпкер:
Президенттің елімізде кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін қазіргі «Салық» Кодексін түбегейлі өзгертуін тапсырғанын жалпы қолдаймыз. Әрине бұған дейін кедергілер болды, жоқ емес. Бірақ, енді бұдан әрі оның бәрі жақсарады деп ойлаймыз. Жаңа «Салық» Кодексін әзірлеуде мына бизнес өкілдерінің пікірін ескерсе екен деп ойлаймыз.

Өзгеріс тек бұл ғана емес. Мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік деген маңызды бағыттар бойынша да үлкен өзгерістер болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Салалық саясат бойынша, агроөнеркәсіп кешенін, құрылыс саласы, көлік-логистика секторын дамытуға қатысты әдістерді қайта қарау маңызды. Біздің алдымызда биліктің, қоғам мен бизнестің күшін біріктіру арқылы ғана орындауға болатын орасан зор міндет тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерін қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуде шет қалмауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Адами капиталға, атап айтқанда, заманауи балабақшалар, жайлы мектептер, ауруханалар, іргелі университеттер салуға, туризмді дамытуға инвестиция құю да маңызды. Сіздер қайырымдылық істер жасауды жалғастыра беретіндеріңізге сенімдіміз. Қазір елімізде мектептердің, студенттер жатақханаларының, жастарға арналған спорт ғимараттарының тапшылығы сезіледі. Сіздердің көмектеріңіз ел үшін елеулі болар еді.

Сонымен, шағын, орта және ірі бизнеске қатысты экономика саясатының бағыттары нақты. Тең мүмкіндік. Әділеттілік. Мемлекеттің бизнес ісіне араласуы болмайды. Монополияға жол жоқ. Мемлекет адал бизнеске жағдай жасауды көздейді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу