Еуропа одағының 27 елі Ресей газының бағасын шектеуге келісе алмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа одағының 27 елі Ресей газының бағасын шектеуге келісе алмады

11.09.2022

Ал Еуропа одағы осы аптада да Ресей газының бағасын шектеу бойынша келісе алмады. 27 елдің басым бөлігі алдағы қыста жылусыз қалудан қауіптеніп отыр. Есесіне қыркүйектің басында «Үлкен жетілік» мемлекеттері Ресей мұнайының құнын өсірмеуге уағдаласқаны белгілі. Бірақ осындай шараларға қарамастан, Ресей мұнай-газ экспортынан Украинаға әскер кіргізгенге дейінгі деңгейден де көбірек табыс тауып отыр.

Осы аптада Еуропа одағының 27 елі Ресей газының бағасын шектеуге келісе алмады. Өйткені олардың басым бөлігі алдағы қыста жылусыз қалудан қауіптеніп отыр. Ал, қыркүйектің басында «Үлкен жетілік» мемлекеттері Ресей мұнайының құнын өсірмеуге уағдаласқаны белгілі. Бірақ, осындай шараларға қарамастан, Ресей энергетикалық ресурстар экспортынан Украинаға әскер кіргізгенге дейінгі деңгейден де көбірек табыс тауып отыр.

Қыркүйектің 9-да Брюссельде Еуропа одағы елдері энергетика министрлерінің кездесуі өтті. Онда аймақ мемлекеттері Ресейдің табиғи газының бағасына шектеу қоюға келісуі керек еді. Дегенмен, саммит соңында ондай мәміле жасалмады. Өйткені осы блокқа кіретін 27 елдің 15-і ғана бұл идеяны қолдаған. Солардың қатарында Балтық республикалары бар. Олардың және Еурокомиссияның пікірінше, көгілдір отын құнының өсуі тоқтаса, Ресей Украинадағы басқыншылықты қаржыландыру мүмкіндігінен айрылады.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропа комиссиясының президенті:

Біз газдың құнын төмендетуді көздеп отырмыз. Ал, санкцияларымыздың Ресей экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз білеміз. Бағаны шектеудегі мақсат - Путиннің Украинадағы зұлымдықты қаржыландыруға жұмсайтын кірісін азайту.

Дегенмен, Орталық және Шығыс Еуропаның ресейлік газды импорттауды жалғастырып жатқан бірқатар елдері мұндай шараларға қарсы. Олардың ойынша, одақ бағаны шектейтін болса, Мәскеу «Қарт құрлыққа» газ жеткізуді мүлде тоқтатуы мүмкін. Ал, Бельгия үкіметі мұндай баға саясаты Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне ықпал ете алатынына күмәнді. Айта кетсек, жақында Мәскеу «Солтүстік ағын-1» құбыры арқылы Еуропаға газ жеткізуді доғарды, ал басқа магистральдармен экспортталатын отын көлемі минимумға дейін төмендеген.

Леоноре Гевесслер, Австрияның энергетика министрі:

Мен бағаны шектеу туралы ұсынысты білемін. Біз Ресей газына тәуелділікті 80%-дан 50%-ға дейін азайта алдық. Бірақ энергия мәселесінде Ресейге әлі де тәуелдіміз. Сондықтан, бұндай ұсынысты қолдай алмаймыз.

Осы айдың басында «Үлкен жетілік» елдерінің қаржы министрлері Ресей мұнайының бағасын өсірмеуге уағдаласты. Бұл шешімнің мақсаты да – Мәскеуді Украинадағы басқыншылыққа қаржы жұмсай алмайтын жағдайға жеткізу. Алайда, Ресейдің көмірсутегін Қытай, Үндістан сияқты алып елдер бұрынғыдан да арзан бағамен көптеп импорттап жатыр. Соның арқасында және әлемдік нарықта энергия құны мейлінше қымбаттағандықтан, Ресей бюджетіне мамырмен салыстырғанда маусымда мұнайдан 700 миллион доллар артық ақша түскен. Мұны өткен айда Халықаралық энергия агенттігі мәлімдеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу