Айыппұл төлейтіндер қатарында Шымкенттегі қоқыс полигоны да бар. Санитарлық-экологиялық талаптарды өрескел бұзған үшін 1 миллион теңге айыппұл арқалады. Эколог мамандардан жасақталған топтың тексерісінен соң осындай қорытынды жасалып, полигон жұмысына жауапты мекеме үш бірдей әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеріс барысында күл-қоқыстарды көму, оларды жою жұмыстарының жүйелі түрде атқарылмайтыны анықталған. Салдарынан қолаңса иіс төңірекке жайылып, өрттен шыққан қою түтін сол маңда тұратын тұрғындарды тұншықтырып келген. Тексеріс жұмысын бастауға азаматтардың осындай арыз-шағымы негіз болған. Экология департаменті сондай-ақ қазір қалдықтарды полигонға тасымалдаушы компанияларға қатысты да тексеру жүргізіп жатыр.
Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Біздің лабораториялық мониторинг жүргізу барысында полигон аумағында білгіленген шектен асу фактілері анықталған. Соның негізінде тексеру жүргізілді. Сонымен қатар нұсқама берілді. Нұсқаманың уақыты өткен жағдайда егер орындамаса қайтадан тексеру өткізіп, ҚР әкімшілік кодексі бойынша сотқа жолданады.