БҰҰ сессиясындағы басты тақырып – Украинадағы соғыс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ сессиясындағы басты тақырып – Украинадағы соғыс

15.09.2022

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77 сессиясы басталды. Биылғы жиынның күн тәртібі енді бекітіледі. Десе де сарапшылар негізгі тақырып Украинадағы соғыс болары даусыз дейді. Қазір бізбен тікелей байланысқа тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы шығып тұр. Жалғас бұл жолғы бас қосуда тағы қандай мәселелер талқыға салынуы мүмкін?

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Рахмет студия. Биылғы сессияда қаралатын өзекті мәселе өте көп. Оның ішінде жаһандық экономикалық дағдарыс басты тақырыптардың бірі болмақ. БҰҰ ның бас хатшысы ассамблея жиынында ортаға салынуы тиіс негізгі тақырыптарды атады.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

Бағаның өсуі, сатып алу қабілетінің төмендеуі, азық-түлік тапшылығы және әлемдік рецессия қауіпі. Әлі еңсерілмеген пандемия және маймыл шешегі, сондай-ақ өлімге әкеліп жатқан ыстық, дауыл, су тасқыны және басқа да табиғи апаттар.
Өздеріңіз естігендей Украинадағы соғыс күн тәртібіндегі мәселелердің ішінде жоқ. Алайда, мұның негізші тақырып болары анық дейді сарапшылар. Себебі, бас хатшы атап өткен өзекті проблемалардың көбі, Ресей, Украина қақтығысынан кейін ушығы түсті. Бүгін ұйымның Бас Ассамблеясының төрағасы болып сайланған мажар дипломаты Чаба Кёрёши де бірінші кезекте осы соғысты тоқтатып, БҰҰ реформалауға күш салатынын мәлімдеді.

Чаба Кёрёши, БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы:

Қақтығыс екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған гуманитарлық дағдарсты тудырды. Егер қырағы болып, қам қарекет жасамасақ, қанша жек көріп, айыптасақ та соғыс халықаралық аренада жиі қайталануы мүмкін. Соңғы 40 жылда ядролық қаруды қолдану қаупі бүгінгідей үлкен болған емес. Бұл сұмдық шындық бәрімізді қарусыздану мәселесі төңірегінде бірігуге шақырады.
Биылғы сессияның тағы бір ерекшелігі ковидке қатысты көптеген шектеулер алынып тасталды. Былтыр көп елдің делегациясы жиынға онлайн қатысса бұл жолы ассамблеяға мүше 193 елдің басшылары толық келуі мүмкін. Оның ішінде Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев та қатысады деп жоспарланған. Студия.

Хабарламаларға жазылу