Түркістан облысында жаңа мектептің қабырғалары жарылып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жаңа мектептің қабырғалары жарылып кеткен

15.09.2022

Сырты бүтін, іші түтін. Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 600 млн теңгеге салынған мектеп пайдалануға беріммей жатып қирай бастаған. 250 балаға шақталған ғимараттың іргетасы мен қабырғасында жарық пайда болды. Ал мектепке жарымаған балалар алты шақырым жердегі елді мекенге қатынап жүр.

Тұрбат ауылдық округінде бой көтерген жаңа мектептің ашылу салтанаты былтыр дүркіреп өткен. Сол шарада аудан әкімі білім ұясын салған компания басшысына алғыс та айтқан.

Алайда әкімнен алғыс алған компания салған құрылыстың сапасы айға жетпей сыр берген. Мектептің қабырғалары жарылып, тапсыруға дайын емес болып шықты.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Өндіріс ауылынан салынған жаңа мектеп өткен жылдың желтоқсан айында ресми түрде ашылған. Алайда содан бері тоғыз ай өтсе де балалар оқи алмай жүр. Себебі ғимараттың қабырғалары қақырап, жарыла берген соң, мердігерлер жамап, жасқап әлек. Мектепте әлі де жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Бұл бейнежазбаларды Маржан Байымбетова қаңтарда түсірген. Лентасы қиылған білім ұясын көрген ол жағамды ұстадым дейді. Бірінші қабаттағы сынып бөлмелері түгел дерлік жарылып, едені опырылып түскен деп еске алады.

Маржан Байымбетова, мұғалім:

Горизантальді да, вертикальді да, жарылудың барлық түрі кездесті. Арасы ашық. Мына қабырғалар жерде құлап жатқан еді. Кейін ішіне кіріп көрдім. Мына қабырғаның астында іргетасы болған жоқ.

Заманауи мектепті тағатсыздана күткен халық сметалық құжатына дейін қалтамыздан қаржы құйып үлес қосқан едік, үмітіміз ақталмады деп ашынады.

Халық екінші тоқсанда балалар осы мектепте оқиды деп үміттеніп жүргенде ішкі қабырлардың бірі опырылып қалған. Содан бері де қайта-қайта жарыла берді дейді. Болмаған соң құрылысшылар сынып бөлмелерінің арасын бөліп қойған

Қалдыгүл Қалмахамбетова, ауыл тұрғыны:

Жарықтардың барлығын жауып қояды, қайтадан жарылып жатыр. Қайтадан жауып қояды. Біресе бір фирма келеді, одан кейін тағы бір фирма келеді.

Тұрғындар білім ошағының қайта қайта бұзылуын қырдан ағатын қызыл судың жолына салынғанынан деп отыр. Іргетасы да дұрыс құйылмағанын айтады. Құрылыстағы кемшілікті сала мамандары да жоққа шығармады. Бірақ нысанды облыстық құрылыс басқармасы қабылдап алған соң тапсыруға міндеттіміз деп ақталды.

Ерлан Байгөбеков, Қазығұрт аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:

Бірінші еден жарылды. Кейін қабырғалар жарыла бастады. Ол мердігер есебінен қалпына келтірілді. Ешқандай қауіп жоқ деп кепіл бере аламын.

Құрылысшылар кепілдік берген соң, білім саласына жауаптылар келесі тоқсаннан оқушыларды кіргізе береміз деп отыр. Қазір құжаттардың қамын жасап жатқанын жеткізді.

Асан Үйсінбаев, Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

Бізде эксперттің қортындысы бар, ғимарат пайдалануға жарамды деген. Соның аясында қазір тиісті құжаттары реттеліп жатыр. Алла аманшылығын берсе екінші тоқсанда ашамыз деп жоспарлап отырмыз.

Егер жаңа мектеп қолданысқа берілсе осы төңіректегі 250 бала оқуы тиіс. Алайда құрылыс сапасын көзбен көріп жүрген ауыл тұрғындары балаларымызды мұнда оқытпаймыз деп отыр. Өйткені тасқын судың жолына салынған мектеп алғашқы қардан соң ақ құлап қала ма деп қауіптенеді.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу