Қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформалар және ықпалды саясаткерлер мен әлемдік деңгейде беделді тұлғалардың сапары төрткүл дүние назарында.
Бельгияның «EU Reporter» жаңалықтар веб-сайты «Тоқаев Қазақстанды демократия мен теңдікке жетелейді» деген мақала жариялады. Материал президенттің мандатын қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеуден басталған. Мақала авторы былай дейді: «Тоқаев ұсынған реформалар Парламенттің ықпалын күшейтіп, президенттің қоғамның саяси және экономикалық өміріндегі билігін шектейді. Таңдалған бағыттың дұрыстығы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумның нәтижесімен расталды. Бұл бастамалар Қазақстанның саяси өмірі жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді».
Британияның «Гардиан» газеті ел астанасының бұрынғы атын қайтару туралы халық пікірінен туындаған Парламент депутаттарының ұсынысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілгеніне мақала арнаған. Сонымен қатар, материал авторы Қазақстанды Орталық Азияның ең бай елі деп атап, оның халқы маусымда конституцияны өзгертуге дауыс бергенін хабарлайды.
Ал «Ассоушиэйтид пресстің» мәліметінше, Қытай төрағасы пандемиядан кейінгі алғашқы шетелге сапарын Қазақстанға аялдаудан бастаған. Және де америкалық агенттік Си Цзиньпиннің еліміздің егемендігі мен территориялық тұтастығын және жүргізіліп жатқан реформаларды табанды түрде қолдайтынын да атап өткен.
Қытай төрағасының елімізге сапары туралы мақаланы жоғарыда аталған EU Reporter жаңалықтар веб-сайтынан да көруге болады. Оның авторы, саяси шолушы Ник Пауэлл былай дейді: «Қытай төрағасы Си Цзиньпин шетелге 3 жылдағы алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен екіжақты келіссөздер екі ел қарым-қатынасының маңыздылығын білдіреді. Бұл сапар Қазақстандағы ішкі саяси өзгерістер мен маңызды дипломатиялық шаралармен тұспа-тұс келді».
Түріктің ТRT World телекомпаниясы болса, Рим Папасының Украинаны қаруландыру моральдық тұрғыдан заңды деген мәлімдемесін таратты. Түркиялық тілшінің хабарлауынша, Франциск бұны Қазақстаннан Ватиканға қайтарда ұшақта айтқан.