Былтыр Қытай Қазақстанға шамамен 4,5 млрд доллардың тауарын кіргізген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр Қытай Қазақстанға шамамен 4,5 млрд доллардың тауарын кіргізген

18.09.2022

Биыл сәуірде Қытай Германияға дейін жүк тасымалдайтын жаңа теміржол бағытын ашқан еді. Тауар тиелген пойыз Сиань қаласынан шығып, Қазақстан арқылы, дәлірек айтсақ, Достық стансанында тоқтап, одан кейін Каспийді кесіп өтіп, Әзербайжан, Румыния, Венгрия, Словакия мен Чехия арқылы Германияның Мангейм қаласына тоқтайды. 11 мың шақырым. Бұл жолдан Қытай ұтып тұр. Өйткені бұған дейін ашылған басқа бағыттарға кірмеген елдер мен аймақтарды қамтиды. Әрі Ресейге соқпай, айналып өтеді. Яғни, Қытай үшін жаңа нарық пен халықаралық кәсіпорындар ашылды. Бұдан бөлек Сианьнан Еуропаға апаратын 16 бағыт бар. Жүк пойыздары 45 елге тоқтайды екен. Биылғы алғашқы тоқсанның өзінде Сиань Еуропаға 790 жүк пойызын жөнелткен. Ал біз бұл бағытта Қытай үшін Еуропаға тереземіз. Яғни, басты нарық емеспіз.

Иә, базарларымызда қытай заты самсап тұрғаны рас. Бірақ Қытайдың экспорт статистикасына қарасақ, «Made in China»-ның бізді емес, Еуропа мен АҚШ-ты жаулап алғанына көз жеткіздік. Мәселен, былтыр Қытай Қазақстанға шамамен 4,5 млрд доллардың тауарын кіргізіпті. Өткен жылдармен салыстырғанда 25 пайызға көп. Дегенмен, АҚШ-қа 476 млрд долларға экспорт жасағанын ескерсек, Қытай үшін біздің нарық теңіздің тамшысы. Қытай Гонконгқа 255 млрд, Жапонияға – 157; Германияға 109 млрд долларға экспорт жасаған. Еуропаның өзге елдері тағы бар. Яғни, Қазақстан Қытай үшін нарық емес. Енді не?Бұл сұраққа саясаттанушы Асхат Қасенғалидан жауап алған едік.

Асхат Қасенғали, саясаттанушы:

Қазақстан мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынас бұрын да болған, қазір де бар, бізден кейін де бола береді. Неге, себебі біздің қарым-қатынас жасауымызды географияның өзі анықтап тастаған. Картаға қарайтын болсақ 1700-ден астам шекара бар, осының өзі біздің еліміздің арасында сөзсіз қарым-қатынас бола беретінін білдіреді. Бізде экономикалық серіктестер ішінде Қытай екінші орында тұр. Ал, Ресей бірінші орында, бірақ әлемдегі қазіргі қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты Ресей серіктестіктен бізден артқа шегінді, бізге Қытай шығуы мүмкін. Ал, енді Қазақстан Қытайдың экономикасында алғашқы 10 серіктестің ішіне кірмейді. Яғни, осының өзіне қарап Қытай бізге қажет екенін түсінуіміз керек. Сонымен қатар, Қытайға біз не үшін мүдделіміз?  Себебі, арамызда трансшекаралық өзендер бар, су мәселесін реттеу керек. Қытайдағы қазақ қандастардың мәселесі бар, оны реттеу керек.


Хабарламаларға жазылу