Қазіргі ресми дерек бойынша Қазақстанда 2,5 млн адам баспанасыз. Ал 7-8 жылда урбанизация үрдісіне байланысты үйге мұқтаждар саны бірнеше миллион адамға жетуі мүмкін. Мұндай қорқынышты болжамды "Қазақстан Құрылысшылар Одағы" жасап отыр. Ал, мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың жаппай жабылып жатқаны нарыққа қалай әсер ететініні белгісіз. Қазірдің өзінде «Баспана хит» бағдарламасы тоқтатылса, келер жылдан бастап «7-20-25» бағдарламасына қаржы бөлінбейді.Ал, Отбасы банкі 1-қазаннан бастап «аралық займның» пайыздық мөлшерлемесін 8 жарым пайыздан 11 жарым пайызға көтермек. «Аралық займ» дегеніміз не, мұндай өзгеріс банкке не үшін қажет болды? Осы сұрақтардың және баспанаға қатысты басқа да мәселелердің жауабын Амангелді Сейтхан іздеп көрген еді. Сюжетіне назар аударсақ.
Отбасы банкі 1 қазаннан бастап пайыздық мөлшерлемені өсіреді,-деген ақпарат шыққалы халық алаңдай бастады. Елдегі ең төмен пайызбен ипотека беретін мемлекеттік банктегі өзгерісті түсінбей жатқандар көп.
Банк өкілдері бұл тек «аралық займға» қатысты, - дейді. Демек, мемлекеттік бағдарламаға үміткерлер мен депозитке ай сайын ақша жинап жатқандар қорықпаса болады.
Жансұлтан Матаев – «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:
Қазаннан кейін 50 пайызын салған адам несие ала алмайды деген әңгіме жоқ. Бұл тек қана бұрын жинақтамаған азаматтар, 50 пайызын бірден кеп салған жағдайда, 7-8,5 жарым пайыздан несиені алатын болса, сол бүгінгі таңда 11-11,5 пайызбен несиені алады. Ал, егерде сіз сол мен 7 пайызбен алам, 8 пайызбен алам десеңіз, онда сіз кемінде сол 50 пайызын салып, алты ай ол ақша жатуы керек. Сол кезде 6 айда бағалау көрсеткішіңіз 5-ке жетеді, сол кезде баяғы 7,5-8 пайызбен алуға болады.
Демек, бәрі «бағалау көрсеткішіне» байланысты. Егер 6 ай күткіңіз келмесе, басқа біреуден «бағалау көрсеткіші» жоғары депозит сатып алып, сол арқылы төмен пайызбен несие алуға болады.
Ал, бұл өзгерісті енгізудегі мақсат жиналатын ақша мен берілетін несиенің балансын сақтау,-деді банк маманы. Өйткені, соңғы кезде депозитке ақша жинаудан гөрі бірден несие алу үрдісі артқан. Мысалы, соңғы 2 жылда 100 мыңға жуық «аралық займ» рәсімделсе, жартысы ақшаны құя салып, бірден үй алған. Ал, әу баста «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» деп аталған қаржы ұйымының негізгі мақсаты ақша жинау мәдениетін қалыптастыру болған.
10 жылдап депозитке ақша жинайтын азаматтар саны аз. Сол себепті Үкімет түрлі бағдарлама қабылдады. Соның ең тиімдісі саналған «Баспана хит» пен «7-20-25» енді тоқтайды. Айта кетейік, «7-20-25-ке» 1 трлн теңге бөлінген. Соның қазір 700 млрдтан астамы игеріліпті. Енді бұл бағдарлалама орнына балама ұсынылмаса 7-8 жылда үйге мұқтаждар саны қайта көбеюі мүмкін, - дейді Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев.
Талғат Ерғалиев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ төралқа төрағасы:
Демография арқылы осы жылдары халық саны тағы 3 млнға көбейеді. Ауылдардан қатты миграция болып жатыр. Әлемдік тәжірибе бойынша 15-ақ пайыз ауылдарда қалады. Қазіргі уақытта 46 пайыз тұрғындар тұрады ауылдарда. Содан қосымша санағанда 5 млн адам келеді қалаға.
Сондықтан, қала халқын үймен қамтуға осы бастан кірісу керек,-дейді маман. Ал, бізде, керісінше, тұрғын үй салу бойынша 2019 жылы бекітілген жоспар биыл қайта қаралып, салынатын үй көлемі азайтылған.
Талғат Ерғалиев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ төралқа төрағасы:
Көктемде қаулы қабылданды. Мінеки, 2022 жылы 18 млн шаршы метр салуға тиістіміз де. Енді 18 млнның орнына 15 млн саламыз. 23 жылы 19 млнның орнына 15 млн саламыз. 24 жылы 20 млн орнына 15 млн саламыз. 15 млнның ішінде 40 пайызы жеке меншікті, ауылда, аудан орталығында жер алып, өзі салғандар. Олар үкіметтің есебіне кірмеуі тиіс.
Мұндай шешім неге қабылданғанын әрі жылына нақты қанша үй салу жоспарланғанын білмек болып, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хабарластық. Бірақ, ведомства өкілдері алдағы аптада арнайы брифинг өткізіп, жауапты сол кезде ғана беретінін айтты. Ал, мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбай үкіметтік бағдарламаларды сынға алды.
Елнұр Бейсенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әлеуметтік үйлерге бөлінетін қаржы мен сізге айтайын. 100 млрд теңге. Ол 100 млрдқа қазіргі құрылыс материалдарының бағасымен алсақ, бір үйге шамамен 14-15 млн теңге ақша кететін болса, сонда біз 7-7 жарым мың пәтер ғана біз бір жылда саламыз. Ал, жыл сайын кезектің саны кемінде 50 мың азаматқа өсіп отыр. 2 жыл бұрынғы ақпарат бойынша 450 мың адам кезекте тұрған. Қазір 600 мыңнан астам азамат.
Демек, сұраныс артқан сайын, үй бағасы да өседі. Ал, экономист әрі тұрғын үй сарапшысы Андрей Чеботарев пәтердің қымбаттауының бір себебі мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс жасалмауы,-дейді.
Андрей Чеботарев, экономист, тұрғын үй сарапшысы:
Мысалы, «7-20-25» негізі құрылыс компанияларын қолдауға арналған. Ол бойынша бірінші нарықтағы үйлерді алуға табысы орта деңгейдегі адамның ақшасы жетпейді. Одан бөлек, мемлекет үйлерді базалық мөлшерлемеден де, инф¬ляция деңгейінен де төмен пайызбен береді. Яғни, мемлекет шығыны табиғи жолмен ақталмайды. Ал, экономика заңы бойынша, мемлекет¬тен берілетін үйлер нарық заңына кері әсер етсе, бас¬панаға сұраныс қолдан көбейіп, баға өседі.
Чеботаревтің сөзінше, Біріккен Ұлттар Ұйымының стандарты бойынша бір адамға тұрғын үйдің 30 шаршы метрі келуі керек. Бізде қазір 23 шаршы метр. 2025 жылға қарай 26 шаршы метр¬ге жетуі мүмкін. Демек, халықаралық стандартқа жетуге әлі алыс.
Аманкелді Сейтхан