Әкімдіктен келдік деп жиі тексеріс жүргізеді, тіпті тегін тамақтанып кетеді. Алматыдағы дәмхана мен мейрамхана басшылары қала әкіміне осындай шағымын айтты. Кәсіпкерлердің сөзінше, тұрғындардың бастамасы бойынша жергілікті атқару органдары ұйымдастырған арнайы комиссия заңға қайшы әрекет етеді. Құрамына аудандық әкімдік, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен бірнеше басқарма өкілдері кіретін топ дәмханалардың жұмысына кедергі келтіретілі айтылды. Алайда шаһар басшысы мен тиісті басқарма жетекшілері де жағдайдан бейхабар болып шықты.
Аталған комиссияның іс-әрекеті заңсыз деп ойлаймыз. Біз қалалық прокуратураға хат жолдағанбыз. Бірақ әлі күнге жауап келмеді. Сондықтан өіңізге шағымымды айтып отырмын. Бұл мәселені біржақты ету керек.
Ерболат Досаев, қала әкімі:
Арнайы топ тұрғындардың шағымынан кейін кәсіпкерлердің жұмыс істеу ережесін дайындау үшін құрылған еді. Олардың өз мансаптарын асыра пайдаланып, дәмханаларды аралап, тексеріс жүргізуге құқылары жоқ. Бұл заңсыз әрекет, сізбен толықтай келсімен. Тез арада тиісті шара қолданамыз.
Жиында шаһардағы автотұрақтардың мәселесі де қаузалды. Қала әкімінің сөзінше, ақылы тұрақтар бүгінде толығымен шаһар меншігіне өткен. Тиісінше олардан түсетін қаржы тұрғындардың әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалмақ. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2021 жылдың басынан 56 базардағы тұрақтардан қала бюджетіне 3 млрд теңгеге жуық қаражат түскен.