Түркістан облысында шаруалар мақта бағасын көтеруді сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында шаруалар мақта бағасын көтеруді сұрайды

19.09.2022

Ала жаздайғы еңбек зая кетті. Түркістан облысында мақта еккен шаруалар бағаның төмендігіне наразы. Бұған дейін әкімдік ақ алтынның 1 тоннасы 374 мың теңгеден қабылданады дегенімен, жекеменшік мақта қабылдау зауыттары тоннасына 200 мың теңгеден асырмай отыр. Шығынымызды да ақтамайды деген мақташылар облыс әкімдігіне келіп, мақта бағасын көтеруді талап етті.

Бүгін Мақтаарал мен Жетісай ауданының шаруалары егістіктегі жұмыстарын тастап, төрт жүз шақырымдай жол жүріп, облыс әкімінен көмек сұрай келді. Жүзден аса диқанның талабы біреу. Зауыттар мақта бағасын көтерсін, дейді.

Төрехан Нұрлыбеков, шаруа:

200 мың ары кеткенде 250 мың деп жатыр зауыттың директорлары. Ауданымыздың әкімі шеше алмайды, зауыттың директорлары шеше алмаймыз дейді. Қайта бізге бұдан сорақы бағаны айтып жіберіп жатыр.

Диқандар бір гектар жерді жыртып, суару мен мақта егуге, дәрі себу мен оны өсіруге, арамшөптен тазалауға миллиондаған қаражат жұмсағанын айтады. Ол ақшаны басым көпшілігі несиеге алып, қорасындағы соңғы малын сатқан. Ал, жекеменшік зауыт басшыларының өзара ымыраласып, белгілеген бағасы қарыздарды жабуға да жетпейді деп налиды.

Сәбит Мәкиев, шаруа:

Ол олиграхтар бар нәрсені көтеруге рұқсат бар да, оларға өкімет ештеңе дей алмайды. Жекеменшік болғасын. Ал біздің мақтаны алатын кезде, олар бағаны түсіре береді. Оған ештеңе демейді ма? Дизель отыны барлығы көтерілді. Бірақ біздің мақта солармен бірге неге көтерілмейді?

Өңірдің ауылшаруашылы саласына жауаптылар болса биылғы өнім өткен жылмен салыстырғанда 16 мың гектарға көп дейді. Алайда бұған дейін мақтаны алып жүрген шетелдіктерден биыл сұраныс жоқ көрінеді. Яғни, Түркия, Ресей мен Қытайдағы алпауыт компаниялардан өтініш түспеген.

Тұрғанбек Оспанбеков, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Қазір біліп отырсыздар, Ресейде болып жатқан жағдайды. Санкция мен логистика қымбаттағанына байланысты осындай болып тұр. Мақтаның бағасын сырттан келетін трейдерлік компаниялар қояды, бізде текстильный зауыттар азғантай ғана.

Яғни, Ливерпуль биржасында баға белгіленгенімен трейдерлік компаниялар мақтаны әлдеқайда тиімді жолмен алуды жөн көреді. Ресейге санкция салынғаннан кейін Молдова, Латвия сияқты елдер тасымал бағасын қымбатсынып отыр. Бұл жағдай қыркүйек айының соңына таман шешілуі мүмкін, дейді сала басшылары . Өйткен сол кезде трейдерлік компаниялар облысқа келеді деген үміт бар.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу