Қостанайлық фермерлер бельгиялық көк сиырдың ұрығын өз өңірінде өсіруді жоспарлап отыр. Екіжақты ынтымақты арттыру мақсатында жерлестеріміз Бельгияға сапарлап, бірқатар шаруа қожалықтарын аралады. Елдің ауылшаруашылығы саласындағы тың тәжірибесімен танысты.
Экзотикалық келбетке ие бельгиялық көк сиыр әлемдегі ең жоғарғы сұрыпты ет өндірісінің чемпионы. Сиыры 800 келіден, бұқасының салмағы бір тоннадан асады. Сойғанда 70 пайыз таза ет береді. Қостанай облысының фермерлері енді осы асыл тұқымды өздерінде жерсіндіруге ниетті. Сол үшін Бельгияға келіп, ірі қараны күтіп-баптаудың қыр-сырына қанықты.
Валерий Розумович, кәсіпкер:
Бельгиялық сиырдың еті майсыз, дәруменге бай, денсаулыққа пайдалы. Сондықтан осының ұрығын өзіміздің малдарға салып, ұрықтандыру арқылы елдегі асыл тұқымды малдың басын көбейткіміз келеді. Ол үшін ауылды жаңғырту жобасын жүзеге асырып, осы ірі қараның ұрығын өсіретін зертхана ашуды жоспарлап отырмыз.
Қостанай өңірінде шұжық пен жартылай фабрикаттың 160 түрін шығарып отырған кәсіпорын өкілдері бельгиялық құс фермасын да аралады. Ә дегеннен әріптестерінің технологиясына тамсанды. Бельгиялықтар тауықтың қауырсынынан ауылшаруашылығына қажетті тыңайтқыш, ал сүйегінен ит пен мысықтың азығын жасап, шетелге сатып отыр.
Иван Розумович, кәсіпкер:
Өндіріс толық автоматтандырылған, қауіпсіздік жоғары. Ең бастысы қалдықсыз өндіріс. Ештеңені тастамай, бәрін пайдаға жаратып отыр. Бізде де осылай жасау үшін тексерісті тоқтатып, үкімет кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі керек.
Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
Бүгінде көптеген мемлекеттерден Қазақстанның азық-түлігіне сұраныс бар. Соған байланысты осы жаңа технология келсе, өндіріс те өзінің жаңа сапасын, жаңа деңгейін көрсетуге тырысады деп ойлаймын.
Үш күн бойы бірқатар шаруа қожалықтарын аралаған қостанайлық фермерлер бельгиялық шаруалармен тәжірибе алмасып, ынтымақты арттыруға уағдаласты. Жалпы, Бельгия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы былтыр жарты млрд долларды құрады.Тараптар ауылшаруашылығы саласында тың жобаларды жүзеге асыру арқылы биыл өзара сауданы еселеуден үмітті.
Нұрсұлу Қасым