523 млрд теңге заңсыз активтер мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

523 млрд теңге заңсыз активтер мемлекетке қайтарылды

20.09.2022

Астанадағы «Шапағат» базары, Шымкенттегі «Сарыағаш» курорттық кешені мен Қазақ инновациялық университетінің жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Олардың бәрі кезінде заңсыз алынған деген күдікке ілінді. Активтерді қайтару жөніндегі комиссия бүгін тың ақпараттарды жариялады.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қазына қаржысы мен мүлкі шетінен қайтарылып жатыр. Арнайы комиссия көлеңкелі экономиканың соңына шам алып түсті. Шетелдік оффшорларға шығарылған капитал көлемі есепсіз. Долларлап та, дорбамен де тасыған сомманың көлемі кемі 140 млрд АҚШ долларға жетуі мүмкін. Комиссия жұмысының бастапқы нәтижесі жаман емес: млрдтаған қаржыны қайтарды.

Сонымен 3 айда қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке 518 млрд теңге өтелді. 173 млн доллар шетелден қайтты. 5 млрд теңгеден астам сомаға тең келетін 75 мың га жер мемлекеттің меншігіне өтті. 600-ден астам темір жол және оларға қатысты жер учаскелері тағы бар.

Олигаполиялық топтың теміржол нарығын жаулап алғаны анықталды. Жүк түсіретін, теміржол тұйықтарының денін иемденіп алған да, қымбат бағамен халықты қанап келген.

Зейін Әліпбек, активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі:

Бұл мәселе шынында сұмдық жағдай. Кезінде белгілі топ елімізде 600 теміржол құрама тоқтайтын жерлерді жекешелендіріп алған да, сатып алған. Бағасын, ақысын жоғарылатып қойған. Заңсыз қыруар қаржы тапқан. Екіншіден бәсекелестіктің дамуына кедергі жасаған. Тек өздері ғана жасап, басқаларына шектеу ғой. 600 теміржол деген енді үлкен нәрсе. Баға түсуі тиіс. Себебі бәрі заңсыз болғанын көріп отыр ғой. Әділеттік орын алуы керек.

Мұнай-газ саласы да қылмыстық топтың май шелпегіне айналған. Комиссия қазір осыны назарға алды. Жақында жаңа деректер жарияланады. Ал кезінде заңсыз алып, қазір пайдаланылмай жатқан Алматы, Павлодар, Жамбыл, Ақмола облыстарындағы мыңдаған га жер мемлекетке өтті.

Зейін Әліпбек, активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі:

Қазір мәселе көтеріледі ғой, малын жаятын жер таппайды. Осының мәселенің шығуына осындай жайттар себеп болып келген. Бұлардың артында да үлкен адамдар тұр. Қылмыстық істерге қатысты жариялау мүмкін емес. Болашақта жарияланады.

Сондай-ақ көп ұзамай Астанадағы «Шапағат» базары, Шымкенттегі 2 кәсіпорын мен қазақ инновациялық университеті, «Сарығаш» санаторий-кешеніндегі былықтар ашылуы мүмкін. Комиссия жақын арада мемлекетке қайтарылатын активтердің шеті көрініп тұрғанын мәлімдеді.

Хабарламаларға жазылу