Отандық бизнесті қолдау: Ұлттық банк ұсыныс дайындап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық бизнесті қолдау: Ұлттық банк ұсыныс дайындап жатыр

20.09.2022

Сапасыз салынған үйде тұрақтау қиын болса, қазіргідей пайызы көп берешекпен іс бастау мүмкін емес, дейді кәсіпкерлер. Отандық бизнес арзан несиеге мұқтаж. Жолдауында банктердің жұмысын қатаң сынға алған Мемлекет басшысы да, экономиканың драйвері – шағын және орта бизнеске қолдауды арттыру керектігін айтқан.

Қызылордалық Жеңісбек Төлепбергенұлының кәсібі алға басып келеді. Былтыр өз қаржысына жылыжай ашып, қияр екті. Биыл қызанақ пен лимон өсірмек. Өнімін жергілікті базарларда сатып, жерлестерін қамтып отыр. Бизнесін кеңейтіп, түсімін арттырғысы-ақ келеді. Бірақ қаржы қажет. Несие алайын десе, банкрот қыла ма деп алаңдайды.

Жеңісбек Төлепбергенұлы, кәсіпкер:

Пайызын ойласаңыздар, ол өте тиімсіз. Жылдық пайыздары 35, 21 пайыз дейді. Онымен жұмыс істемеген дұрыс. Ол кәсіпті дамытпайды. Керісінше құрдымға жіберетін жүйе.

Жеңісбек секілді арзан несиеге мұқтаж кәсіпкерлер көп. Бірақ жөні түзу бағдарлама жоқ. Бас пайдасын ойлаған банктер тойға, көлікке, ипотекаға қарыз беруге әуес. Өндіріске, бизнеске бір тиын шығарғысы келмейді. Мұны Президент те Жолдауында айтқан еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың дерегінше қазір шағын және орта кәсіпке 42 миллиард доллар қажет. Сөйте тұра банктерде триллиондар экономикаға жұмыс істемей құр жатыр.

Тіпті бизнесті несиелеу азайып барады. Мәселен былтыр сегіз айда банктер берген несиенің 45 пайызы кәсіп ашамын дегендерге берілсе, биыл бұл көрсеткіш 6 процентке төмендеген.

Қайтпек керек? Экономист Рашид Жақсылықов Норвегиядан аларымыз көп, дейді. Бір кездері шикізатқа тәуелді елдің экономикасы қазір әртараптанған, еңбек өнімділігі жоғары. Өйткені банктері кәсіпкерлерге несиені ел болашағы үшін деп береді. Тіпті, ірі жобаларға инвестор болады. Керек десеңіз, Ұлттық қордан да қаржы беріледі дейді.

Рашид Жақсылықов, экономист:

Мемлекет ең бірінші сізге 5%-бен береді. Ұлттық қордан ақшаны 5%-бен береді. Бірінші жобаңызда. Сіз оны адал атқарсаңыз, екінші жобаңызда 4%-бен, үшінші жобаңызға келгенде 3%-бен береді. Яғни әр жобаны адал атқарып, қорытынды көрсеткен сайын, бізде орден тағады ғой. Оларда пайызды түсіреді. Кәсіпкерге одан артық қандай қолдау керек?

Яғни біздің банктерді төмен пайызбен қарыз беруге ынталандыру қажет. Ұлттық банк төрағасының айтуынша қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бағдарлама әне-міне дайын болады. Өзгесі әзірге құпия.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Қазір біршама ұсыныстар дайындалған. Ол қаржы нарығының мүшелерін экономиканы кредиттеуге ынталандырады. Біз өзіміз де Ұлттық банк бірталай ұсыныстарды дайындап отырмыз. Оны Үкімет пен агенттікпен бірге талқылап, дайын болғанда сіздермен бөлісуге дайынбыз.

Досжан Маратұлы, тілші:

Бас банкирдің айтуынша, бұл құр науқандық шикі бағдарлама болмайды. Бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жасалады. Онда арзан несиеден бастап қолдаудың түр-түрі болмақ. Десе де кәсіпкерлердің бұған сенімі аз. Өйткені ауқымды бағдарлама бизнес қауымдастықпен бірге талқыланып жасалуы керек деген пікірде. Ол үшін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы арнайы алаң ұсынуға да дайын.

Хабарламаларға жазылу