Абай облысындағы ауылдарда өрт сөндіру техникасы жоқ. Барының өзі әбден тозып, жүруге жарамсыз күйде. Шалғай елдімекендерде, тілсіз жау тұтана қалса, құятын бір шелек су таппаймыз, дейді тұрғындар. Тек Бесқарағай ауданында жыл басынан бері 138 өрт тіркелген.
Бесқарағай ауданындағы Кривинка ауылы биыл өрттен көп зардап шекті. Тұрғындардың айтуынша, 40 мың гектарға жуық жайылым мен шабындықты от шарпыған. Қызыл жалынды негізінен ауылдықтар өздері жұмылып сөндіруге мәжбүр. Өйткені өрт сөндіруге қажет техника мүлде жоқ.
Марат Сәдуақасов, ауыл тұрғыны:
Ауданға хабар береміз. Олар келгенше бірсыпыра жерлер өртеніп кетті. Ауданнан өрт сөндірушілер келу үшін, 2 сағатқа жуық уақыт кетеді.
Орал Баймолдинов, ауыл тұрғыны:
40 мың гектар жай жаны. Елдің шабындығы. Шөп аламыз деп отырған келешекке. Сол жерлердің бәрі жанып кетті. Бірақ соған бір, не ауданымыздан ешкім шығып, алдын алу жағдайлары болған жоқ.
Ал Жетіжар елді мекенінде өрт сөндіру көлігі ауыл әкімшілігінің ауласында құр қалқиып тұрғаны болмаса, түкке жарамсыз.
Тілек Байзақов, Жетіжар ауылдық округінің әкімі:
Өрт сөндіру көлігінің тех паспорты 1975 жылғы. Оны біз учеттан шешіп тастағанбыз. Өйткені, ол өте ескіріп қалған. Және ол жүруге жарамсыз.
Бесқарағай ауданындағы ауылдарда құжат бойынша 5 өрт сөндіру тірек пункттері бар. Бірақ, олардың ешқайсында арнайы көлік жоқ. Жергілікті әкімшілік түйткілді шешуді алдағы жылдардың еншісіне қалдырып отыр.
Алмас Тастенбеков, Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
Арнайы өрт сөндіру техникаларын сатып алуға, 1923 жылға бюджеттік өтінім жасалып жатыр. Қаражат бөлініп жатса, біз штатқа алатын болсақ әрине мамандандырылған немесе арнайы оқудан өткен адамдарды жұмысқа қабылдайтын боламыз.
Мұндай қиындық Абай облысындағы шалғай ауылдардың бәрінде бар. Тілсіз жаудан қорғанудағы қауқарсыздық соңғы бір айда тіпті анық байқалды. Қатарынан 5 ауданда ірі дала өрті тіркеліп, мыңдаған гектар жайлым мен шабындық күлге айналды. Сондықтан, мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беретін кез жетті, дейді көпшілік.
Ержан Жақып