Қостанайдағы өрттен кейінгі өмір - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы өрттен кейінгі өмір

25.09.2022

Қостанай облысы, Әулиекөл ауданындағы өрт жарты ай бұрын тұтас елді алаңдатты. Өкінішке қарай, сол кезде 43 мың гектар орманды шарпыған өрттің салдарынан бір зейнет жасындағы тұрғын қайтыс болды. Қызыл жалын ауыздықталғанша тұтас елдің зейіні Тобыл өңірінде болды. Бірақ, екі аптадан кейін ол өңірді еске алып жатқандар аз. Өтті, кетті... Кез-келген оқиға, тақырып санаулы күн ғана талқыланып қалатыны қалыпты жағдайға айналғандай. Өрттен кейінгі өмір қандай екенін білу үшін әріптесім Азамат Бейбітұлы Әулиекөлге арнайы барып келді.

Альбина: 

Азамат, әуелі үйі өртеніп, далада қалғандай болған елдің қазіргі жағдайын айтып берсең?

Азамат:

Қазір елдің көңілі сәл орнықты сияқты. Бүгінде үйлері түгел өртеніп кеткен 91 отбасыға әрқайсысына 2 млн 159 мың теңге көмек беріліпті. Санаулы күндерде тағы да 1 млн теңгеден беріледі екен. Ал, үйлері, аула мен қорасы жартылай жанған 75 отбасы 659 мың теңгеден алыпты. Енді оларға да 1 млн теңгеден берілмек. Ал, гумантиралық көмек пен жаңа баспана құрылысы туралы материалда кеңірек тоқталамын.

Альбина:

Азамат, рас, билік тарапынан да, халық тарапынан да көмек беріліп жатыр. Бірақ, әлі де шешілмеген мәселелер бар шығар?

Азамат:

Үйлері түгел өртеніп кеткен отбасылар жаңа баспанаға көшеді. Бірақ, үйлері жартылай жанған тұрғындар наразылық танытып жатыр. Себебі, көршілерінің дені көшіп кетіп, ауыл бос қалады. Назардан тыс қалдық, біз де көшкіміз келеді дейді. Бірақ, жергілікті әкімдік үй бере алмаймыз, тек абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз деп отыр.

Альбина:

Ендеше, репортажыңды көрсек.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Аманқарағайда аман қалған қарағайды көру қиын. Орманның 43 мың гектар жері өртеніп кеткен. Кезінде гүлдей жайқалып тұрған бұл жерді қазір күл басқан. Әр күйген ағашты көріп, жаның күйеді.

Аманқарағайда 91 үй өртенген. Тағы 75 үйді жартылай өрт шалған. Көбінің қорасы, сырттағы мал-мүлкі кеткен. Түгел өртенген үйлерді сүріп тастап жатыр. Қазір ауыл ішінде күл басқан тақыр жер көп.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Бір көшенің өзінде 5-6 үй өртеніп кеткен. Міне, осылай бүтін сақталып қалғандары да бар. Ал, мына үйдің осы темір қақпасы ғана қалыпты. Үйдің өзі бүтін өртеніп кеткендіктен сүріп тастаған.

Өрт балаларға да қиын тиген. Рүстем қазір жалғыз ойнап жүрмін дейді.

Рүстем Рахметов, мектеп оқушысы:

Осы мен қазір мына жақта өзім жалғыз қалдым. Екі досым боп еді. Олардың үйлері өртеніп кетті, олар көшіп кетті. Мен ғана қалдым. Өзім жалғыз доп ойнап жүрем енді.

Жұмакүл Рахметова, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Керемет ауыл еді. Калыма, калыма деп атап кеткен. Таңертең балалар ойнап, у-шу болып, азан-қазан болып, кемпір-шалдар, бір ауыл едік, әдемі, тамаша. Табиғаты тамаша еді. Бір сағаттың ішінде бәрі де бітті де қалды. Енді қимаймыз жерімізді, қимасақ та не істейміз енді. Амал жоқ басқа, мынау қарағай сияқты ауылымызда бітті. Бір сағаттың ішінде.

Жұмакүл Рахметованың үйі өртеніп кетіпті. Көршісінің бос тұрған баспанасын уақытша жалдап отыр. Жаңадан 91 үй салынып жатқанына қуанып, кілтін алар сәтті тағатсыздана күтіп жүр.

Жұмакүл Рахметова, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Бәрі де айтып жатыр ғой, біз қаламыз, сендер үй аласыңдар деп. Енді бізде енді ештеңе жоқ, нөл боп тұрмыз ғой. Аллаға шүкір басшымыз үй беріп жатыр, қуаныштымыз соған.

Өрттен үйі аман қалғандардың бірі – Айгүл Кәрімова. Тек, қорасы өртеніп кеткен. Көмек ретінде 500 мың теңге және тағы 159 мың алыпты. Санаулы күндерден кейін тағы бір млн теңге берілетінен хабардар. Бірақ, бұл жерде қалғысы келмейді.

Айгүл Кәрімова, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Мына жерде бәрі де жаңадан үй алып кетеді де, қалған үйлер осы жерде бессандырақ үй қаламыз енді. Басқа адамдардың бәрі кетеді. Сонда біз үй алу үшін бір жағдай болу керек па еді, сонда ғана аламыз ба үйді? Сендер аман қалдыңдар өздерің қалай тұрсаңдар олай тұрыңдар дейді, сондай бола ма? Үй алу үшін үй өртену керек дейді, біздің айыбымыз үйді аман алып қалғанымыз.

Ал, жергілікті әкімдік аман қалған үйлердің маңайын абаттандырып, барлық жағдайды жасаймыз дейді. Бұдан бөлек, облыстық мәслихат депутаттары өртенген, бірақ оған дейін құжаты болмаған үй иелеріне екі баспана салып беруді жоспарлап отыр екен.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Үкімет екі-екі жарым айда сіздерге бұрыңғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үй салып береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен зардап шеккен тұрғындарға осылай деген болатын. Расында да, қазір міне құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мұнда 8 компаниядан 600-ден аса құрылысшы жүр. 91 үйді қарашаның біріне дейін тапсыру жоспарланып отыр.

Болат Олжабайұлы, құрылысшы:

Материал Бәрі Жеткілікті. Сапалы материал. Бәрін үйіп, төгіп уақытында әкеп жатыр. Қыс жақындап қалды. Содан асығып жатқанымыз. Қараңғы түскенше аянбай істеп жатырмыз әйтеуір.

91 үйді салуға 2 млрд 200 млн теңге бөлінген. Әр баспананың көлемі 100 шаршы метрге тең. Жарық, су, газ бәрі тартылып жатыр. Оның үстіне, осы жерден 280 орындық балабақша тұрғызылмақ. Аудан орталығының іргесінен тұтас бір жаңа ауыл бой көтереді.

Ерлан Теменов, Әулиекөл ауданының әкімі:

Зардап шеккен азаматтардың бастарын қосып, біз арнайы группа жасадық. Сол кісілермен кеше ғана араладық. оның ішінде бір депутат бар. Күнде -күнде келіп, қарап, өздері осы үйде тұрады деп тексеріп жатыр.

Қазір өрттен зардап шеккен тұрғындардың бәрі туыстарының үйлеріне кеткен. Уақытша паналайтын арнайы орында ешкім жоқ. Оқыс оқиға басталғаннан бері Әулиекөл ауданына 1300 тоннадан аса гуманитарлық көмек келген.

Дәулет Қойшыбаев, Әулиекөл ауданы мәслихатының хатшысы:

Зардап шеккендер 2-3 айдай үйсіз жүреді ғой. Сол үшін таратып береміз. Енді, тек қаражат жағынан көмек болса болды, қалғаны жеткілікті.

Ғазетжан Кәкешев, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Рас, шырағым, беріп жатыр. Көмегін аяп жатқан жоқ. Үкіметтің берген заттарын әкеп беріп жатыр. Орыс-қазақ деп бөліп жатқан жоқ. Пышақ үстінен тең.

Өрт басталғаннан кейін бұл жерге мыңға жуық ерікті келген. Қазір аз. Солардың бірі – Нұрбол Нығыметов.

Нұрбол Нығметов, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Күнде таңертең келеміз 80 шақырым жерден. 1-мая деген ауылдан. кешке қайта кетеміз бесте. Басынан бастап жүрміз. Соңғы қапты үлестіргенше, аяғына дейін жүреміз. Мынау 50 кг күнде тасимыз. Бүгін халық үйіліп кетті. Басында адам көп болған қазір 3-ақ адам қалдық. Аяғына дейін жүреміз. әйел адамдар шамалары келмейді, сол біз тасып береміз.

Гуманитарлық көмек көп болғандықтан аудандағы аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге де таратылып жатыр. Әулиекөлдегі апаттан есеңгіреген тұрғындарға тұтас ел қол ұшын созды. Қазір үйсіз қалған тұрғындар жаңа баспаналардың құрылысын көріп, материалдық көмек алып, сабырға келген. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Мамандардың болжамынша, өртенген орман қайта қалпына келуі үшін кем дегенде ғасыруға жуық уақыт керек.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу