Түркияның Бурса қаласында Елтеріс қаған кешенінен табылған жәдігерлердің фото көрмесі өтті. Түркі академиясы ұйытқы болған «Орхоннан Орханға дейін» атты ғылыми-археологиялық жиын аясында көрме ұйымдастырылған. Оған Моңғолияның Номғон жазығында табылған құнды ескерткіштердің суреттері қойылды. Жиынға келген түркітілдес елдердің дипломаттары мен ғалымдарға құнды жәдігерлер таныстырылды. Қазақ пен моңғол археологтары бірлескен қазба жұмыстары нәтижесінде табылған Елтеріс қаған бітіктасы бетінде көне түркі тілінде түрік, тәңір, құтлық сияқты сөздер жазылған. Ғалымдар бұл олжа- түрік атауы алғаш рет кездескен көне дәуір ескерткіші екенін айтады.
Нәпіл Базылхан, түрколог ғалым:
Түркология ғылымында 1890 жылдары Ядернецев, Хейкел, Радлов, Томсон, Мистер Шмидт сияқты Енисей жазуларын зерттеген ғалымдар бар. Бұл содан кейін табылған ең үлкен жазбамыз. Демек бұл әлемдік туркологияда үлкен жаңалық боп есептеледі. Яғни жер астынан табылған үлкен ескерткіш.
Фузули Мәжидли, Халықаралық түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы:
Елтеріс қаған кешенінің қазба жұмыстары 2019 жылы басталған. Алайда пандемияның кесірінен екі жыл тоқтап қалды. Биыл қайта жанданған археологиялық қазбалар нәтижесінде түркі тарихын екі ғасырға жуық тереңдеттік деуге болады. Түркі дүниесі үшін ғана емес бүкіл әлем үшін маңызды жаңалық табуда біздің де үлесіміз болғанын мақтан етеміз.
Халықаралық конференцияға келген ғалымдар Бурса, Изник, Сөгүт қалаларында орналасқан тарихи ескерткіштерді аралап көрді. Византия мен Осман империясынан қалған Қырғыздар зираты, Ертұғрыл мавзолейі мен ескі мешіттерді зиярат етті. Рим империясынан қалған көне қаланың қирандыларымен де танысты.
Айдос Әшімұлы