Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды

27.09.2022

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зиярат етті. Ел амандығын, халқымыздың бірлігін тілеп, дұға жасады. Жергілікті жұртпен жолықты, геосаяси ахуалға қатысты пікір білдірді. Ішінара мобилизация жарияланғандықтан елімізге ағылып жатқан ресейліктерге қатысты да мәлімде жасады.

Досжан Маратұлы, тілші:
Түркістан өңіріне сапарлап келген президент бірден Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, зиярат етті. Президент қасиетті Меккеге барған кезде де және бүгін де ата-бабамыздың рухына тағзым етіп, құдайдан бірақ тілек тіледім деді. Ол – еліміздің амандығы мен халқымыздың бірлігі. Бұдан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жұртшылығымен кездесіп, Түркістанға елімздің рухани тарихи елордасы деген мәртебе берілетінін жеткізді. Президенттің айтуынша облыс жаңа кейіпке еніп, қарқынды дамып келеді. Тартылған инвестиция 8 есе артты. 64 мың жұмыс орны ашылды. Түрлі нысандардан бөлек, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси ахуалға тоқталды. Айтуынша Ресей-Украина арасындағы жағдайда еліміз бейтарап ұстанымда бола береді. Біз үшін бейбітшілік маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Шекарамыз бүтін болса, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Бұл – мемлекетіміз үшін, мен үшін аса маңызды міндет әрі басты мақсат. Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз.
Досжан Маратұлы, тілші:
Ал Ресейден амалсыз ағылып жатқан азаматтарға қонақжайлық танытуға шақырды. Оларға көмек көрсетіледі. Бірақ ешқандай жеңілдік жасалмайды. Мұндай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Мемлекет басшысының сөзінше барлық мәселе ұлттық мүдде жолында біртіндеп шешімін табады. Бұдан бөлек, президент өңірге еңбегі сіңген азаматтарды марапаттап, ағаш отырғызды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу