Жыл басынан бері 11 мыңнан астам этникалық қазақ атамекеніне көшіп келді. Олардың 70 пайыздайы Өзбекстаннан қоныс аударған. Өзгелері Қытай мен Түркіменстан, Моңғолия және басқа да елдерден. Қандастарға қолдау көрсету мақсатында құрылған Отандастар қорының мәліметінше соңғы жылдары ата жұртына қайтқысы келетін қазақтардың саны күрт артқан.
Атамекенін аңсап келгендердің бірі - Иманқұл мен Пазилат Пірімқұловтар. 2004 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған. Қазір Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында тұрып жатыр. Жаз бойы бау-бақша егіп-баптайды. Биыл өнім мол.
Иманқұл Пірімқұлов, кәсіпкер:
Шайханамызда пайдаланамыз. Артқанын сатамыз. Солай. Міне ірі-ірі 7-8 келі. 10 келі шықпаса да осындай капусталар піседі мұнда.
Шағын ғана шайханадан қонақ арылмайды. Аспаз тамақ әзірлеуге өз бақшасында өсіп шыққан көкөністерді ғана пайладанады. Мұнда былтыр елге оралған бірнеше қандас жұмыспен қамтылып отыр.
2021 жылы Қазақстанға Ираннан 20 отбасы көшіп келді. Олардың 14-і теріскейде орын тепті. Қандастардың барлығы «Еңбек» бағдарламасы бойынша жаңа баспанаға ие болды.
Мәриям Қазақ, қандас:
Мен өткен жылы келгенмін, 1 жыл болады мына жердемін. Екі баламмен келгенмін. Осы тігінмен айналысып жатырмын қазір. Торт жасап жатырмын.
Мәриямның ата-әжесі 1920 жылдары Кеңес үкіметінің солақай саясатынан бас сауғалап Ираннан бір-ақ шыққан. Ұрпақтары араға бір ғасыр уақыт салып, атажұртқа оралды.Жырақта жүрсе де туған тілін ұмытпаған қазақтың қайсар қызы әке аманатын орындады. Енді мемлекеттік грант алып, кәсіп ашуды армандайды.
Гүлмира Нұрбаева, «Отандастар» қоры ақпараттық қолдау департаментінің атқарушы директоры:
Жақсы өмір сүріп кету үшін, бұл кісілерге шамалы болса да қолдау керек. Біз өз тарапымыздан ақпараттық қолдау көрсетсек, әкімшілік тарапынан жұмысқа тұрғызып, үй беріп, барлық әлеуметтік қолдау шараларын беруге жұмыс жасап жатыр.
«Отандастар» қоры алыс-жақын шет елдердегі қазақтармен үнемі байланыста. Мамандардың айтуынша атамекеніне оралғысы келетіндер көп. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 1 млн 99 мыңнан астам этникалық қазақ атамекеніне қоныс аударды. Көш әлі де жалғасады.
Эльмира Кәленова