Президент өкілеттігі туралы заң жобасы Сенатқа жолданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент өкілеттігі туралы заң жобасы Сенатқа жолданды

28.09.2022

Сайлау тәртібіндегі өзгерістер мен Президент өкілеттігі туралы заң жобасы Сенатқа жолданды. Мәжіліс отырысында Қазақстанның Президенті, Парламенті, Үкіметі және Сайлау туралы 7 Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мақұлданды. Бұл негізінен Мемлекет басшысының биыл 16 наурыздағы Жолдауын іске асыруға бағытталған өзгерістер.

Мәжіліс мақұлдаған заңдар арасында Республикалық референдум, Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі және Мемлекеттік рәміздер туралы құжаттар бар. Жиыны 7 заң. Өзгертулер Президент реформаларын жүзеге асыруға бағытталған. Оның бірі - құқық қорғау институттарын күшейту мен сайлау процесін жаңғырту.

Арман Қожахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Парламент Мәжілісінің барлық тұрақты комитеттері заң жобалары бойынша оң қорытындыларын берді. Мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйым өкілдері, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен заң жобасының таныстырылымы және жұмыс тобының 8 отырысы өткізілді.

Енді Президент ешқандай саяси партияға мүше болмайды. Бұған заңмен тыйым салынады. Мемлекет басшысы тек бір мерзімге сайланады. Өкілеттігі 7 жылдан аспайды. Сайлаудың пропорционалды-мажоритарлы жүйесі енгізіледі. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы алынып тасталады.

Сайлауға ықпал етуді болдырмау үшін сайлау қорларына қайырымдылықтың шекті мөлшері белгіленеді. Отырыста Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша бірқатар заңнамалық актілерге де өзгерістер енді.

Комиссия мүшелеріне кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қаралған өзгерістер 61 заңға, соның ішінде 15 кодекске қатысты. Енгізілген өзгерістер ҚР Президентінің жекелеген өкілеттігін таратуды, биліктің өкілді тармағын қайта форматтауды, сайлау жүйесін жетілдіруді және сайлау процесін жаңғыртуды, әкімдерді тағайындау мен сайлау тәртібін өзгертуді көздейді.

Саяси науқан кезінде Орталық сайлау комиссиясының қызметтерді сатып алу тәртібін реттеуге қатысты бірқатар түзетулер де қабылданды. Заң жобасын енді Сенат қарайды. Тағы бір жаңашылдық - сайлау комиссияларының мүшелеріне кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу