Қашағандағы өндіріс жақын арада жанданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашағандағы өндіріс жақын арада жанданады

28.09.2022

Қашағандағы өндіріс - қазанның ортасында қалпына келмек. Бұл туралы Энергетика министрі «Мұнай-газ» конференциясында айтты. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, мұнай өндірісі екі есе азайған. Әрі қазақ мұнайын экспортқа тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы да - келесі айда толық іске қосылмақ.

Соңғы онжылдықта ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі -Қашағандағы өндіріс тамызда тоқтатылған еді. Бұған "Болашақ" кешенінде газдың шығу белгілерінің анықталуы себеп болған. Нәтижесінде мұнай өндірісі 3,5 есеге азайып кетті. Министр осы мәселе жақын арада оңтайлы шешілетінін жеткізді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

КТК-ның мәселелерін бәрін шешіп болғанда 100 пайыз экспорттауға мүмкіншілік береді. Өндірісте биылғы болжам 85,7 миллион тонна болды. Толығымен өндіреміз деген жоспарда жүрміз қазір.

Мемлекет алдағы 5 жылдың шамасында мұнай өндірісін жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отыр. Ол үшін геологиялық барлауды күшейтіп, жаңа кен орындарын табу керек, -дейді мамандар.

Балтабек Қуандықов, «Мұнайшы-геологтардың қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті:

Қазақстанның территориясында 15 мұнай-газ іздейтін бассейн бар. Тек қана 5-6 -нан ғана мұнай шығады. Қалғандарының бәрі әлі дұрыс зерттелмеген. Сол жұмыстар жүретін болса, Қазақстанның солтүстігінде, орталығында тағы да жаңа мұнай көздерін ашамыз деген ойымыз бар.

Министр Каспий құбыр консорциумын қазақстандық мұнай тасымалдаудың ең тиімді бағыты екенін айтты. Басқа жолдар қаражат жағынан тиімсіз. Дегенмен, сарапшылар, мұнайды экспорттайтын өзге де балама бағыттар бар дейді.

Нұрлан Жұмағұлов, Мұнай-газ саласының сарапшысы:

Баку-Тбилиси-Джейхан маршруты, Баку бойынша бұл енді Қашағанның болашақ мұнайы үшін. Өйткені, Қашаған 16 миллион тонна беріп жатса, болашақта 2-3 есе өсіргісі келеді мұнай өндірісін. Сол мұнайды тасымалдау үшін, экспорттау үшін жаңа маршрут керек болып отыр.

Қазақстан дүниежүзінде барланған мұнай қорының 3%-ын иеленіп, әлемдегі жетекші 15 елдің қатарына енді. 30 жыл ішінде қара алтын өндіру 3,5 есеге өскен. Енді өңдеуді жетілдіру қажет.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу