«Жамбыл» музейіне - 75 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жамбыл» музейіне - 75 жыл

30.09.2022

Белгілі ақын, қазақтың айтыс өрнерінде өзіндік өшпес із қалдырған ұлы тұлға – Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің ашылғанына 75 жыл. Айтулы датаға орайы мерекелік шара ұйымдастырылып, жыр алыбы көзі тірісінде қолданған 2 мыңнан аса жәдігер жұртшылық назарына ұсынылды.

Шараға жиналған мәдениет саласының мамандары мен зиялы қауым өкілдері ең алдымен дәстүрге сай ақынның басына келіп, рухына құран бағыштады. XX ғасырдың Гомері атанған жыл алыбының денесі мұражай ауласына жерленген.

Салтанат Жамбылова, «Жамбыл» әдеби-мемориалдық музейінің директоры:

Осы өзінің тұрған үйі. 7 жыл тұрған. Қазір мынау біз тұрған атаның жатын бөлмесі. Үйді салып бергенде құры үйдің өзін емес, мындай жиһаздармен берген. Мына дүниенің барлығы сол өзінің тірі кезіндегі дүниелер. Мына шкафты ашсаңыздар оның киімдері тұр.

Жамбыл Жабаевтың жатын бөлмесінде көзі тірісінде қолданған домбыра, кереует, тіпті өмірінің соңғы кезеңінде сүйенген таяғына дейін сақталған. Бұл ұлттық құндылықтарымызға бей-жай қарамайтын әрбір азамат үшін баға жетпе жәдігер екені анық. Музейдің 75 жылдық мерейтойына орай басқа өңірдегі мұражай қызметкерлері де Жамбылға қатысы бар дүниелерін жылжымалы көрме ретінде ала келген.

Ләззат Барменқұлова, К.Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейінің қызметкері:

Жамбыл мен Кенен екеуі ұстаз бен шәкірт. Мына тұста мінекей ақын атамыздың екеуінің ортасын байланыстыратын кемер белдік. Бұл кемер белдік Шәбден Манаптың асынан ұтып алған алғашқы ұтысы. Сондай-ақ, көптеген фотосуреттер кітаптары бар.

Нысан сонау 1938 жылы салынып, Жамбылға үй ретінде берілген. Тіпті сол кездегі үкімет ақынды қамқорлыққа алып, оған жеке дәрігер, аспаз және әдеби хатшы бекіткен. Шараға жиналған мәдениет саласының мамандары мұражайды тарихи құндылыққа балады. Айта кету керек Жамбыл ауылында ораналасқан ақынның баспанасы 1947 жылдан бері музей ретінде жұмыс істейді. Қазір оның ауласында Жамбыл атамыз мінген Газ М1 маркалы автокөлік те тұр.


Хабарламаларға жазылу