Осы аптада «пәтер иесі баспананы қымбаттатып, қуып жатыр» деген шағым көбейіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада «пәтер иесі баспананы қымбаттатып, қуып жатыр» деген шағым көбейіп кетті

02.10.2022

ІІМ Марат Ахметжанов алаңдауға негіз жоқ, - деп отыр. Өйткені 98 мыңы кірсе, 64 мыңы Қазақстаннан кеткен.

Дегенмен, солтүстіктен келген көш халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына әсер етпей қоймады. Астанада ЖСН алу үшін жиылған ресейліктердің көп болғаны соншалық, кезек ондаған метрге дейін созылып кеткен. Тіпті, Жастар сарайын шетелдіктер үшін қызмет көрсететін уақытша орталық ретінде жабдықтауға тура келді.

Ал шекарадағы жағдайды реттеу үшін Премьер-Министр орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ресейден келіп жатқан Қазақстан азаматтары мен азық-түлік тиелген көліктер үшін «жасыл дәліз» ашылатынын мәлімдеді.

Реттелмей тұрған бір мәселе бар: жалға берілетін пәтерлер құны. Пандемия, төтенше жағдайлар кезінде бұрын бетін жауып қойған «бітеу жаралар» жарылғандай, бұл жолы да шарықтау шегіне жеткен сияқты.

Иә, нарық заңына үкімет араласа алмайды. Бірақ пәтерді жалға беру көлеңкелі бизнеске айналғанын бәрі білді-ау. Білсе, осы күнге дейін неге заңдастырмады?!Ондаған жылдар бойы көлеңкелі бизнестің ережесімен өмір сүрген, ел ішінде «Ұлы дала квартиранттары» атанып кеткен азаматтар өзін қорғай алмайтындай хәлге келген. Осы апта «пәтер иесі баспананы қымбаттатып, қуып жатыр» деген шағым, тіпті, көбейіп кетті. Көбі келісімді қағазда емес, ауызша жасағандықтан, үй қожайының айтқанынан шыға алмайды.

Бірақ заңгерлер «ай сайынғы төлемнің өзі - дәлел» деп отыр. Әрі негізсіз бағаны көтеруге болмайтынын айтады. Оңғар Алпысбайұлы осы тақырыпты зерттеген еді. Сюжетін көрсек.

Алматылық Валерий Жемчужный бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұрып келген. Осыдан бірнеше күн бұрын пәтер иесі жалдау құнын бірден қымбаттатыпты. Онсыз да жалақыдан жалақыға жеткенше біраз қарызданып қалатын едік, енді жағдай тіпті қиындайын деп тұр дейді ол.

Валерий Жемчужный, қала тұрғыны:

Барлығы бағаны көтеріп жатыр, мен де солай жасаймын деді. Жалдау ақысын қатты қымбаттатты. Менің отбасым бар. Тапқан ақшам жетпейді. Маған екінші жұмыс қарау керек шығар, бірақ қазір жұмыс табу да оңай емес.

Елордада да тура осындай жағдайға тап болғандар жетерлік. Айсұлу 1 курс студенті. Қыркүйек айынан бастап 2 бауырымен бірге 1 бөлмелі пәтерді жалдап келген. Баспана иесі бір күн бұрын ғана ертең үйді босат деп хабарласқан.

Туыс-туғандарым мен достарым далада қалғанымды білмегені дұрыс деп бойжеткен тегін де, түрін де жасыруды сұрады. Астанада басқа барар жерлері де жоқ.

Айсұлу, 1 курс студенті:

Босатыңдар 1 күннің ішінде, 24 сағатта деді. Сосын пәтер қарап көріп едім 1 бөлмелі үйлер 400 мың шамасында екен. 24 сағаттың ішінде оны тауып шыға алмаймын ғой. Оның үстіне депозитке 200 мың сұрайды екен. Қайда баратынымызды білмеймін енді.

Жалпы пәтерді жалға алу келісім шарты жазбаша да, ауызша да бекітілуі мүмкін. Алғашқысы тиімдірек әрине. Бірақ біздегі заң бойынша екі тәсілдің де тетіктері заңда қарастырылған.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Шарт болған жағдайда 1 ай бұрын хабарлауы керек босат деп. Шарт болмаған жағдайда азаматтық кодекске сай 3 ай бұрын хабарлау керек.

Яғни, үй иелерінің жалдау ақысын бірден қымбаттатып, табан астында пәтерін босатуын талап етуі заңсыз. Азаматтық кодекстің 556 бабына сәйкес жалға беруші келесі жағдайларда ғана келісім шартты бұза алады. Егер жалға алушы шарт талаптарын немесе мүлiктiң мақсатын елеулi түрде бұзса, Жалға алушы мүлікке елеулі зақым келтірсе, екі реттен астам төлем жасамаса, жалға алушы келісімде белгіленген мерзімде мүлікке күрделі жөндеу жүргізбесе. Ал, басқа жағдайда бас көз жоқ баспанамды босат деп талап қою заңға қайшы.

Жандос Тұяқов, заңгер:

Үйден немесе ғимараттан шығарып тастау мәселесі тек қана сот арқылы ғана жүзеге асырылады. Келісім шарты болсын болмасын. Адамдарды учаскелік инспекторды алып келіп шығарып тастау сияқты іс әрекеттер бұлар заңсыз. Үйткені көп жағдайда жалға алушылар өз құқықтарын білмейді.

Яғни, белгіленген уақыттан бұрын үйден шығару тек сот шешімімен жүзеге асырылуы тиіс.

Жазира Аманбекова, риэлтор:

Бағаны біздің қазақ қолдан көтеріп жіберді. Өзіміздің қазағымыз далада қалып жатыр. Паркте қонып жатыр. Паркте қонған Ақтау, Атыраудан келген балаларды өзім кіргізіп алдым. Пәтердің жағдайына қараған да жоқ. Кірді де күсрініп отыра қалды. Шаршағаны соншама.

Ал батыс елдерінде баспана жалдау көпшілік үшін үйреншікті жағдай. Халықтың басым бөлігі пәтерді сатып алуға асықпайды. Сол үшін жалдау ережелері заңмен қатаң реттелген. Мәселен Түркия статистикасы бойынша ел тұрғындарының 27 пайызға жуығы, яғни шамамен 22 млн адам пәтер жалдап тұрады. Үйді жалға беру мен алу тек риэлторлық компания арқылы жүзеге асады. Бағасына келіскен соң тараптар кем дегенде бір жылдық келісім шарт жасап, құжат нотариалды түрде бекітіледі. Үй иесі келісілген бір жыл ішінде пәтерге себепсіз келе алмайды. Тіпті пәтерақысын төлемей қойғанның өзінде оны тек сот органдары арқылы ғана алуға құқы бар. Бұдан бөлек пәтердің жалға беру құнын да мемлекет реттеп отырады. Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сай, егер жалға алушы бір жыл бойы пәтерақыны уақытылы төлеп отырса, онда келер жылы үй иесі бағаны тек 25 пайызға ғана көтере алады.

Еркан Кал, Риэлторлық компания басшысы:

Бізде заң көп жағдайда пәтер жалдаған адам жағында. Риэлторлар да жалға алушының заңды өкілі болып саналады. Бір ғана мысал айтайын. Егер пәтерін жалға берген адам бір жылдық келісім шарт аяқталған соң, үйді басқа адамға қымбат бағаға беру үшін тұрып жатқан адамды шығарып жіберсе, үш жыл бойы пәтерін өзге біреуге жалға бере алмайды. Бұдан бөлек ол пәтер жалдаушыға бір жылдық пәтерақы мөлшерінде өтемақы төлеуі тиіс.

Ал, бізде жеке тұлғалардың пәтерін жалға беру бағасына мемлекет араласа алмайды. Әр адам өз баспанасына өзі ие. Қаншаға, қалай берем десе де өз еркі.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазір 1 ғана жарнама платформасында ел бойынша 40 мыңға жуық пәтер, 5 мыңға жуық жеке меншік үй, және 3 мыңнан астам бөлмені жалға беру туралы жария орналастырылған. Бұл жерде баға статистикасы да бар. Мәселен Елордадағы мен тұрған Есіл ауданында 2 бөлмелі пәтердің бағасы 10 күнде 250 мыңнан 370 мың теңгеге дейін өскен.

Мамандардың сөзінше бағаның бассыз кетуіне ең негізгі себеп, тараптардың дұрыс шарт жасаспауында. Келісімді құжат жүзінде бекіткендер де некен-саяқ. Пәтерді жалға бергендер заң бойынша салық төлеуге міндетті. Бірақ, осының бәрін тексеруге шағын және орта бизнеске мораторий қолбайлау.

Ерұлан Жамаубаев ҚР Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі:

Қазір мараторий болып жатыр. Мараторий кезінде жайдан жай тексере алмаймыз. Ол адамдар жеке адамдар, ол айтуы мүмкін, туысқандарым тұрып жатыр. Сіз оларды қуып жібере алмайсыз ғой. Әртүрлі жағдайға байланысты болып жатыр. Сондықтан олардың бәрін тексеру керек. Сосын бәрін тиісті шаралар қабылданатын болады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Жылжымайтын мүлікті жалға беру кәсіпкерлік қызметке жатқызылады. Ал, заңсыз жалға бергені және салық төлеуден жалтарғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 463 бабына сәйкес кемінде 15 айлық есептік көрсеткіш шамасында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан алдағы уақытта мораторий алынып тасталуы мүмкін. Қаржы министрі өзгеріс енгізуді қарастырып жатқанын айтты. Қазір барлық ведмоства басшылары кешенді шараларды қолға алып, кірісіп кетті.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу