Көлік апатынан көз жұмғандар саны 18 пайызға көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлік апатынан көз жұмғандар саны 18 пайызға көбейді

04.10.2022

Жыл сайын елде 13 мың жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Ішкі істер министрі жол апатының әсіресе Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облысында жиі болатынын айтты. Апаттан көз жұмғандардың 41%-ы осы өңірлерде тіркелген. Үкімет басшысы Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-орында тұрғанын еске салды. Дамыған елдерге қарағанда, бізде жол апатынан қайтыс болу ықтималдығы 11 есе жоғары. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Әлихан Смайылов жол апаты жиі болатын учаскелердегі қозғалысты қадағалауды күшейтіп, қауіпсіз жол инфрақұрылымын жасау бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Көлік апаттарының негізгі себептері жолдардың нашар жағдайы. Халық атапынан жолдың сапасына қатысты шағым өте көп. Жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жетпейді. Республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар. Біздің басты міндетіміз – жол қауіпсіздігі, жол апаттары мен одан қаза болғандарды азайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау.

Қазір көп жүргізуші көлік қозғалысы ережесін сақтаймайды, дейді Ішкі істер министрі. Автомектептерге қойылатын талаптар мен жүргізуші даярлау сапасы да төмен. 2018 жылдан бері оларға лицензия мен рұқсат беру алынып тасталған. 2020 жылдан мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік те жойылған. Көп мектепте материалдық база жоқ. Олқылықты жою үшін қазір министрлік тиісті ұсыныс әзірлеп жатыр.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу