Мемлекет басшысы Қарағандылық жұртшылықпен жүздесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қарағандылық жұртшылықпен жүздесті

05.10.2022

Бұдан былай экологиялық талаптарды сақтамаған кәсіпорындарға кешірім жоқ. Тіпті олармен серіктестік те тоқтауы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде осылай деді. Мемлекет басшысы өңір жұртшылығымен жүздесіп, кәсіпорындарды аралады. Облысты дамытудың сегіз басымдығын да айқындап берді.

Қарағанды – «қара алтынның» отаны. Шаһарда 6 шахта бар. Содан да болар, Қарағанды десе көпшіліктің ойына бірден көмір өндірісі түседі. Рас, қойнауы қазынаға толы кенді өңір тұтас елді жылытып отыр. Бірақ, көмірден бөлек, өңірде өркендеген өндіріс көп. Облыс табиғи байлығымен қазыналы, рухани қазынасы одан да биік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қарағанды – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер. Сондай-ақ, Тәттімбет күй толғап, Мәди ән салған қазақ өнерінің киелі бесігі. Облыс аумағында тамаша табиғатымен көз тартатын жерлер көп.

Арқаның табиғаты сұлу болғанымен, туризмді түлете алмай отыр. Негізгі себеп – жету қиын. Жол азабы өңірлердің дамуына кедергі. Мәселен, Балқаштың әлеуеті жетеді, бірақ әрекет кем. Ұшақ пен теміржол рейстері аз. Барының бағасы қымбат. Ал Балқаш қаласы арқылы өтетін Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі әлі аяқталған жоқ. Жұмыс баяу. Президент мерзімі қайта-қайта кейінге шегерілген құрылыстың жұмысын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын. Сонымен бірге «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын.

Экология. Мәселе облыста күйіп тұр. Ірі кәсіпорындар көп. Дені талапты сақтамайды. Енді оларға кешірім жоқ. Президенттен соңғы ескерту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Егер ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бұл талаптарға сай келмесе, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл – ешқандай қорқыту емес, керісінше бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері. Қазақстанда олигархтық капитализмнің дәуірі өтті. Ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті.

Еңбек адамдары мен еңбек қауіпсіздігі. Екеуіне де аса құрметпен қарау керек. Бірақ, көптеген кәсіпорында бұл сақтала бермейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет.

Ауыл-аймақтардың ахуалы да мәз емес. 176 ауыл таза суға зәру. Мәселені созудың енді қажеті жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын.

Мектеп тапшылығы, аурухана, үлескерлердің проблемасы. Президент оның бәріне тоқталып, бәрін шешуді тапсырды. Қарағандының ең үлкен мәселесі – жылу. Инженерлік коммуникациялардың дені тозған. Салдарынан, жаңа үйлерді салуды тежеп отыр. Жаңа жылу желісі қажет. Үкімет алдында тиісті қаражатты шұғыл бөлу міндеті тұр. Ал Қарағанды мықты мамандардың ұстаханасы. Кенді өңір кәсіби кадрлардан кенде емес. Президент бірқатарына басымдық берді. Ортаға алып, төртеуінің кеудесіне «Құрмет» және «Еңбек даңқы» ордендерін тақты. Тағы екеуі «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Ләззат Қожахметова, «Talbesyk» көп балалы аналар одағының жетекшісі:
Ана мен балаға берілген марапат деп есептеймін. Себебі мен осы уақытқа дейін көп балалы аналардың мүддесін көздеп, қоғамда ана мен баланың мәселесін өткір айтып жүргенмін. Яғни, мені марапаттау арқылы да Президент қоғамда өзінің ойын ашық айтатын барлық менің әріптестерімнің де еңбегін бағалады деп есептеймін.

Бұдан соң Президент жұртты бірлікке шақырды. Бізге бүкіл әлем қызыға қарайды. Тұрақтылық пен татулықтың символы деп. Оған дәлел біздің көк паспорт. Кез-келген қазақстандық қай жерде жүрсе де құжатқа күмән жоқ. Қарапайым мысал. Бірақ, қазіргі геосаяси жағдайдың ушыққан тұсында оның астары терең.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу