Қазақстан Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен дипломатиялық диалог орнатуға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен дипломатиялық диалог орнатуға ниетті

06.10.2022

«Жаңа Қазақстандағы әлеуметтік реформалар және Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесі». Прагада осындай атаумен халықаралық конференция өтті. Ауқымды шара Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр.

Әлеуметтік көмектің көлемін ұлғайту, зейнетақы жүйесін қайта қарау. Еліміз халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін ауқымды реформалар жүргізуді жоспарлап отыр. Прагада өткен конференцияда Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко - Президент Жолдауында айтылған осы және өзге де басым бағыттарға тоқталды.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Қазақстан Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен дипломатиялық диалог орнатуға ниетті. Ал Жаңа Қазақстандағы әлеуметтік реформалар шетелдік сарапшылардың қызығушылығын тудырып отыр. Конференцияда әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың әртүрлі аспектілері қарастырылды. Мысалы, бизнес, денсаулық сақтау және зейнетақы жүйелері. Көптеген салалар бойынша Қазақстан кей мемлекеттермен салыстырғанда алға шыққанын есту қуантарлық жайт болды. Мысалы, цифрландыру саласы бойынша көшбасшылардың біріміз.

Халықаралық конференцияға Польша, Чехия, Венгрия, Словакия, сондай-ақ Швеция мен Қазақстаннан 20-дан астам профессорлар мен сарапшылар қатысты. Әр елдің өзіндік бірегей тәжірибесі бар, сондықтан делегаттар жетістіктерімен бірге әлеуметтік реформаларды іске асыру жолында қандай проблемаларға тап болғанын айтты.

Мартина Варкочкова, Прага университетінің профессоры:

Маған әртүрлі елдердің тәжірибесі туралы білу өте қызық. Белгілі бір дәрежеде біз бәріміз ұқсаспыз және қандай да бір бізде әртүрлі көзқарастар бар. Бұл конференцияда әрқайсымыз өз еліміздің тәжірибесімен бөлісе алдық. Менің ойымша, мұндай кездесулер өте пайдалы. Қазақстандағы реформаларға келетін болсақ, мысалы шалғай ауылдарда жаңа мектептер мен медпункттер салу жоспары өте дұрыс шешім дер едім.

Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің бастамасын бірқатар елдер қолдады. Дәл осындай конференциялар жақын арада басқа Еуропа елдерінің астаналарында да өтеді. Соның ішінде Вена мен Брюссельде. Ал қорытынды кездесуді бүкіл кәрі құрлықтың жетекші сарапшыларының қатысуымен Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.

Дархан Рахымжан


Хабарламаларға жазылу