Еуропада газ бен жарықтың қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасын қаға бастады. Жыл басынан бері көгілдір отын 5 есе, электр қуаты 10 есеге шарықтады. Энергетикалық дағдарыспен күресу үшін бельгиялықтар тоқты тұтынуды азайтуға көшті.
Үш баланың анасы Джейн екі айдан бері ыдыс-аяқты, кірді қолмен жуып жүр. Ыдыс, кір жуатын бір емес екі машинасы да істеп тұр. Бірақ, қосуға қорқады. Тоқ қымбаттағалы өзінің де, өзге еуропалықтардың да өмір сүру салты өзгерген.
Джейн Аппилтон, Брюссель қаласының тұрғыны:
Коммуналдық қызметке төлей алмаймын ба деп қорқып отырмын. Қазір күн жылы. Суытқанда үйді қалай жылытамыз? Газ, электрэнергия қымбат. Тамақ істеуді де қойдым. Жартылай фабрикатты қысқа толқынды пешке жылытып жеп отырмыз.
«Тас дәуіріне қош келдіңіздер!». Брюссельдің орталығындағы мейрамхана жұртты осындай ұранмен, майшаммен қарсы алып жатыр. Электрэнергия қымбаттағалы кәсіпкерлердің де қалтасы қағылған. Сондықтан, аспаздар тағамды тоқ пешке пісіруді тоқтатыпты. Шоққа қақтап дайындайды.
Тибо Лурэн, мейрамхананың бас аспазы:
Баға шарықтай берсе, майшаммен отыратын баяғы өмірге ораламыз. Қоғам жағдай қиын екенін түсінсін деп қаладағы оншақты мейрамхана осы бастаманы көтердік.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Электрэнергияны үнемдеуге Бельгия королі Филип те өз үлесін қосуда. Бұрын жарқырап тұратын Патшаның сарайы қазір қап-қараңғы. 19 ғасырда салынған ғимараттың шамдары қуатты көп жейді. Сондықтан, патша көне шамдарды тоқты үнемдейтін жарық диодты шамдарға ауыстыруға, ғимараттың төбесіне күн панельдерін орнатуға бұйрық берген.
Күнде кешкі сағат 10-нан таңғы 5-ке дейін Бельгияның тас жолдарындағы 20 мыңнан астам жарықшам өшіріледі. Осының арқасында жылына 400 мың еуроны үнемдеуге болады, дейді экономистер. Энергетикалық дағдарысты еңсеру үшін биліктегілер жақында қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге көшіруді де ойластырып жатыр. Бұл шара да тоқ пен жылуға едәуір үнем болмақ.
Нұрсұлу Қасым