Павлодарда төрт түлік малдың төресі қазақы жылқының көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда төрт түлік малдың төресі қазақы жылқының көрмесі өтті

08.10.2022

Павлодарда төрт түлік малдың төресі қазақы жылқының көрмесі өтті. Көрмеге арғымақтарын жетектеп Ресей, Қытай және Қырғыз елінің өкілдері де келді. Елімізде асыл тұқымды жылқыларды өсіріп, таратуда білікті мамандар баршылық, бүгінгі көрме соның айғағы, дейді ұйымдастырушылар. Оның үстіне қазір төрт түлік бойынша ең жоғары өсім жылқыға тиесілі. Ендігі мақсат саннан гөрі сапаға көшу. Бүгінгі көрмеге Қамбар ата түлігінің ет және сүтті бағыттағы әмбебап тұқымы шығарылды. Олар қан тазалығы, дене бітімі, кеуде орамы, шоқтығының биіктігі және климаттық жағдайға төзімділігі бойынша сыналды. Мәселен, Қазақы жабы тұқымынан бөлек, мұғалжар, көшім және бесқарағай жылқысы арасынан мықтылары анықталды. Мұғалжар тұқымынан Ақтөбеден әкелінген арғымақ чемпион атанды.

Әлібек Айдарханұлы, шаруа қожалығының басшысы /Ақтөбе облысынан/:

Осы күйімен жыл 12 ай далада жүре береді. Қыстың салқынына, қарына, боранына қарамай. Мұғалжар түқымының ішіндегі эталоны деп айтылады.

Төлеген Асанбаев, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:

Қазақ жылқысы әлемде бір тамаша жылқы. Мынау ғалымдардың кейінгі зерттеулеріне қарағанда қазақ жылқысы дүниедегі ең сақа жылқының бірі екен. 10 мың жыл кейіндері біздің Қазақстанның аумағында осындай жылқылар болған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу