Президент: Өнеркәсіпте жұмыс істейтін еңбек адамына деген құрмет жоғары болуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Өнеркәсіпте жұмыс істейтін еңбек адамына деген құрмет жоғары болуы тиіс

09.10.2022

Осы аптада Президент Қарағанды мен Павлодар облыстарына барды. Екі өңір де өнеркәсіптік өндіріске басымдық берген. Қазақстан экономикасына қосып жатқан үлесі де зор. Бірақ экологияға келтіріп жатқан залалы да аз емес. Мәселен, елде шығарылатын қалдықтардың үштен бірі Павлодар облысына тиесілі. Жыл сайын шамамен 700 мың тонна қалдық осы өңірде түзіледі. Ал Қарағанды облысы өнеркәсіпте болған қайғылы оқиғалар бойынша тізім басында. Зардап шеккендердің әр төртіншісі Қарағанды өңірінен. Былтыр осы облыста 537 жұмысшы еңбек қызметіне байланысты зардап шеккен. Бұл алдынғы жылдан 21 пайызға көп. Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау»-мен байланысты жыл сайын қайғылы оқиғалар болып тұратыны жасырын емес. Жалпы, Қазақстан бойынша былтыр 2 мыңнан астам адам жұмыс барысында зардап шексе, соның 176-сы қаза тапқан.

Кеншілер, шахтерлер мен металлургтар ең қауіпті қызмет қатарына кіреді. Сондықтан экономиканың драйвері – өнеркәсіпте жұмыс істейтін еңбек адамына деген құрмет те жоғары болуы тиіс. Президенттің қос облысқа сапарында осы салаларға баса мән берілуі де содан. Асима Нұрбайқызының материалы.

Құрышты қаланың әлеуеті қуатты. Бірақ, зардабы да кем емес. Ірі кәсіпорын экологиялық ахуалды жақсартуға жылда уәдені үйіп-төгеді. Алайда, құр сөзден аса алмай отыр. Енді кешірім берілмейді. Президент соңғы рет ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Егер ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бұл талаптарға сай келмесе, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл – ешқандай қорқыту емес, керісінше бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері. Қазақстанда олигархтық капитализмнің дәуірі өтті. Ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті.

Президенттің бұл ескертуінен сескенді ме, Арселор Миттал басшылығы ертесінде-ақ тайлы-тұяғымен шығып Теміртауға ағаш отырғыза бастады. Биыл күзде 70 мың тал екпек. Бірақ, қаладағы қара түтін ағаш отырғызғаннан кейін ыдырап кетпесе белгілі.

Биджу Наир «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:
Біз қазір заманауи тазалау құрылғыларын орнатып жатырмыз. Ескілерінің бәрін ауыстырамыз. Кокос батареяларын ауыстыру үшін 360 млн долларға келісімге келдік. Алдағы 5 жылда Теміртауда мұндай түтін болмайды деп уәде берем.

«Арселор Митталдың» сырты да, іші де түтіннен арылмай тұр. Биыл 9 айдың өзінде 8 жұмысшы қаза тапты. Президент өндірістік апаттардың көбейгенін айтып, мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтпесе болмайды. Салғырттық салдарынан көп адам зардап шегіп жатыр. Жеңіс Маралбаев былтыр Абай шахтасындағы апаттан аман қалған екі шахтердың бірі. Қасындағы 6 әріптесі сол жерде опат болды. Тірі қалған екеуі – мүгедек. Улы газға уланған олар қазір еңбекке жарамсыз. Бірақ, компания өтемақы төлеуден бас тартып отыр.

Жеңіс Маралбаев, регрессник шахтер:
Қайтыс болғандарға 10 жылдық өтемақы төлейтін, ал жарақат алғандарға 5 жылдық. Ал қазір айтқаны, біз тек қайтыс болғандарға береміз дейді. Ал біз кінәліміз бе, тірі қалғанымызға? Оны да айттық. 3 рет компанияға шақырған. Тек бос сөз. Ештеңе айтпайды.

Жер астындағы ауыр бейнеттен кейін шахтерлардың көбі жастай еңбекке жарамсыз. Бірақ, бейнетінің зейнетін көре алмай отыр. Осыдан 7 жыл бұрын енгізілген заңға сәйкес зейнетке шыққаннан кейінгі төлемдердің түгелі тоқтатылған.

Егер кәсіпорында денсаулығымды жоғалтпағанда жұмыс істей беретін едім. Шахтерлардың айлығын жыл сайын 30 процентке өсіреді. Ал бізді елемейді. 5-7 пайызбен алдап қояды. Зейнетақымыз да ертең аз болады. Өйткені, енді жұмысқа шыға алмаймыз. Сондықтан бұрынғы норманы қайтаруын талап етеміз.

Президент бұл мәселемен де таныс. Үкіметке тапсырма берілді. Алдағы жарты жылда шешім қабылданады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Адамдардың талап-тілектерін жақсы түсінемін. Бұл – зейнеткерлік және салық жүйелерін, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыруды өзгертуге қатысты өте күрделі мәселе. Бұл мәселені әріптестеріңіздің, жолдастарыңызды, экономиканың басқа да қауіпті салаларында еңбек ететін жұмысшылардың және жалпы қоғамдағы барлық топтардың мүддесін ескере отырып, мұқият қарастыру керек. Үкіметтің белгілі бір әзірлемелері бар. Келесі жылдың басында Үкімет маған нақты ұсыныстар береді.

Алып компания болғанына қарамастан, Теміртауда жұмыссыздық көп. Биыл тағы өскен. 4,9 пайызға жетті. Мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту үшін батыл бастамалар керек деді. Өйткені, облыс халқының 80 пайызы қалада тұрады. Ал шағын қалалардан халық кетіп жатыр. Ойланатын мәселе.

Ораз Тәуірбеков, Теміртау қаласының әкімі:
Жұмыссыздық деңгейі әсіресе жастар арасында. Бұл өте күрделі проблема. Біз бұл мәселеге мән беріп, шешім табамыз деп үміттенемін. Екінші бағыт – әрине шағын және орта бизнесті дамыту.

Облыстағы тағы бір үлкен мәселе - жол. Туризмді түлете алмай алмаудың негізгі себебі де осы. Жол азабы өңірлердің дамуына кедергі. Балқаш қаласы арқылы өтетін Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі әлі аяқталған жоқ. Жұмыс баяу. Президент мерзімі қайта-қайта кейінге шегерілген құрылыстың жұмысын сынға алып, «Қарағанды – Жезқазған», «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуге 2 жыл уақыт берді.

Ерлан Құсайынов, Қарқаралы ауданының әкімі:
Біз бұл жолдың жөндеуін биыл бастаған болатынбыз. 10 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізді. Келесі жылы 74 шақырым жолды орташа жөндеумен жоспарлап отырмыз. Одан кейінгі 2 жылдағы жол толықтай жөндеуден өткізіледі деген ойдамыз. Бұл жол осыған дейін күрделі жөндеуден, орташа жөндеуден өтпеген. Тек күтіп ұстау аясында шұңқыр, тегістеу сияқты жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген.

Көлік логистика саласы бойынша Павлодар облысында да проблема күйіп тұр. Қарағандыдан кейін ел президенті Ертіс өңіріне барды. Павлодар - еліміздің 4, Ресейдің 3 облысымен шектесіп жатыр. Ары-бері қатынайтын жүк көлігі көп. Бірақ қаладағы көпір әбден тозған. Оның үстіне қыс келсе 700 шақырым жол үнемі қар астында қалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұндай жағдай әсіресе Астана-Ерейментау-Шідерді бағытындағы жолда жиі болады. Сондықтан қар тазалайтын техниканы көбейтіп, жолдың жиегіне қарды бөгейтін қалқа орнату қажет.

Өйткені жұрт боранды күндері сыртқы дүниемен байланыссыз қалады. Тіпті өзгені айтпағанда Павлодардан Астанаға ұшатын ұшақ жоқ. Бұлай болмайды деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет жыл соңына дейін «Павлодар-Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтауы қажет.

Әуежайдың ғана емес, облыс инфрақұрылымын да қалпына келтіру тапсырылды. Қазір қалада арық жүйесі дұрыс емес. Жауын жауса қала көшелері көл болады. Жылу желісінің 80 пайызы тозған. Соның кесірінен тұрғындар қыстың көзі қырауда жиі жылусыз қалады деді, Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Павлодардағы бірінші Жылу электр орталығы мен Екібастұздағы Жылу электр орталығын кезең-кезеңімен жаңғырту керек. Үкіметке акционерлермен бірлесіп, бұл мәселеге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Қазір облыстағы 1200-ден астам кәсіпорын біртіндеп өңдеу өнеркәсібіне бет бұрып келеді. Аллюминий, кабель, дөңгелек дискісі секілді дүниелерді өндіріп, әлемнің 40-тан астам еліне экспорттайды. Өндірістің артқаны жақсы-ақ. Бірақ экология нашарлап барады. Оны жақсартудың бір жолы аймақты газдандыру. Сондықтан Үкіметке Керекуді көгілдір отынмен қамту тапсырылды. Оның үстіне газды қойып, кей ауылдар ауыз суға жарымай отыр. Сондықтан бұл мәселе де шұғыл шешімін табуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үш жылда ауылдағы ағайынды таза сумен қамту көрсеткіші 55-тен 94 пайызға дейін өсті. Биыл аймақта осындай 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік келесі жылы құны 14 миллиард теңге болатын тағы 39 жобаны қолға алуды ұсынып отыр. Осыған орай, Үкіметке қаржы бөлуді тапсырамын.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақты дамытудың бес бағытын айқындап берді. Алдымызда шикізат өндіретін аграрлы елден жоғары технологиялы мемлекетке айналу міндеті тұр. Жүк ауыр, жауапкершілік жоғары. Президент тапсырмасы оны жүзеге асыруға қарқын береді дейді, сарапшылар.

Асима Нұрбайқызы, Апта

Хабарламаларға жазылу