Ресей-Украина қақтығысына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының қатысуы қарастырылып жатқан жоқ. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осылай деді. «Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысына сай мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың теңдігі және бейбіт өмір сүру ұстанымын жақтайды. Толықтай алғанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жауапкершілік аймағы ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық мойындалған аумағымен нақты айқындалған және ұжымдық қауіпсіздік осы аумақ аясында ғана қамтамасыз етіледі», - деді ол. Осылайша, Қазақстан Украинаға қатысты бұған дейінгі ұстанымын тағы растап отыр.
Келісімге келді
Украина мен Ресейдің әзірге келісімге келетін түрі жоқ. Ал Әзірбайжан мен Армения бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындады. Чехия астанасы Прагада өткен Еуроодақ саммитінің алдында Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Франция Президенті Эммануэль Макрон, Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бейресми кездесу өткізген еді. Кейін Елисей сарайының ресми сайтында «Армения мен Әзірбайжан БҰҰ Жарғысы мен 1991 жылғы Алматы декларациясына деген адалдығын тағы да көрсете отырып, бір-бірінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін мойындайды» деген мәлімдеме жарияланды. Тараптар енді қазан айының соңында Брюссельде кездеспек.
Нобель сыйлығы
Еуразиялық шахмат тақтасында жағдай ушығып тұр. Ал Нобель комитеті биылғы бейбітшілік сыйлығын Беларусь, Ресей және Украина кандидаттары арасында бөлуге шешім қабылдады. Нобель сыйлығының жалғыз жеке иегері беларусьтық құқық қорғаушы, «Вясна» құқық қорғау орталығының төрағасы, «Ар-ұждан тұтқыны» Алес Беляцкий болды. Ал Ресейдің «Мемориал» ұйымы мен Украинаның азаматтық бостандықтар орталығына бейбітшілік сыйлығын бөлісуге тура келіп тұр.
Мемлекетке опасыздық
Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бұрынғы бірінші орынбасары Марат Шайхутдинов сотталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті құпия жүргізілген тергеудің жай-жапсарын осы апта хабарлады. Марат Шайхутдинов мемлекеттік құпияларды жария ету, опасыздық және тыңшылық жасау фактілері бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.