Елдегі 38 мыңнан астам ауыл тұрғыны денсаулығын тексертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі 38 мыңнан астам ауыл тұрғыны денсаулығын тексертті

10.10.2022

Ауыл тұрғындары арасында қан айналымы жүйесі ауруларынан көз жұмғандар саны 11, ал қатерлі ісікке шалдыққандар 10,5 пайызға көбейген. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында айтылды. Жиында ауылдық жерлердегі медицина мамандарының тапшылығы, жедел жәрдем көмегінің жетіспеушілігі, заманауи құрал-жабдықтардың жоқтығы сынды мәселелер де көтерілді. Депутаттар сұрағына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниат жауап берді.Қазір ауылдағы ағайын үшін медицина қызметінің сапасын арттыруға басымдық беріліп отыр. Көліктік медицина ұйымдастырылды. Сондай-ақ, өңірлерді медициналық пойыздар аралап, 38 мыңнан астам ауыл тұрғыны денсаулығын тексертті. Келесі жылдан бастап «Ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылады. Ол үшін алдағы екі жылда 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны, 32 ауданаралық көпсалалы аурухана ашылады. Бұл үшін 217 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу