Ауылға жұмысқа баратын дәрігерлерге 2 млн теңгеге дейін көмек беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылға жұмысқа баратын дәрігерлерге 2 млн теңгеге дейін көмек беріледі

10.10.2022

Ауылға баратын дәрігерлерге 2 млн теңгеге дейін қаржылай көмек беріледі. Аудандық емханаларда жылжымалы әлеуметтік дәріхана ашылады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі айтты. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін келер жылдан бастап ұлттық жоба қолға алынады. Білікті маман мен сапалы медициналық қызметке зәру болып отырған елдімекендерді қандай жаңашылдықтар күтіп тұр? 

Ауылдағы ағайынның денсаулығына пандемияның да кері әсері болды. Министр осылай деді. Тыныс алу органдары, ас қорыту және несеп-жыныс жүйесінің аурулары көбейген. Ем-домды жасайтын дәрігер. Сондықтан елдімекендерді білікті кадрлармен қамтуға басымдық беріледі. Ал дәл қазір ауылдық жерлерде 2 мыңға жуық медицина маманы жетіспейді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Біріншіден, медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды. Келген әрбір дәрігерге 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді. Ал кейбір әкімдіктер, яғни Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында 3-5 млн-ға дейін жәрдемақы бөліп отыр.

Маман тапшылығын былай қойғанда, қазір 850 ауылда емхана жоқ. Қолда бар қызметтің сапасы төмен. Депутаттар осылай деп дабыл қақты. Бір ғана мысал, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратындар үшін тіптен қиын. Еміне шипа іздегендер облыс орталығына немесе үлкен қалаға сабылады.

Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Гемодиализ процедураларын алу үшін көбінің қалаға көшуге мүмкіндіктері жоқ. Невролог дәрігерлер жетіспейді. Ауыл тұрғындарының гемодиализ рәсімдерін алуға қолжетімділік мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырсыздар.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Қазір бүйрек ауруын асқындырмай, алдын ала анықтауға басымдық беріп отырмыз. Әсіресе, балалар арасында. Медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету туралы бұйрыққа да түзетулер енгізілді. Барлық жансақтау бөлімшелерінде гемодиализ аппараты болу керек. Жылжымалы көлік те бар. Онда жасанды бүйрек аппараты болады. Сіз айтқан мәселені алғашқы кезеңдерде осылай шешетін боламыз.

Жедел жәрдем дәрменсіз, көлік ескі. Бұл мәселе де аз айтылып жүрген жоқ. Ондағы мамандар мен көлік жүргізушінің жалақысы мардымсыз. Бұл ретте депутат Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысын мысалға алды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жүргізушілер, кіші медперсоналдың орташа жалақысы бар болғаны 102 мың теңге. Күні-түні жұмыс жасап, қысы-жазы, 24 сағат, 365 күн медицина саласының алдыңғы қатарлы жауынгерлері осындай жалақы алуын мен әділетсіздік деп есептеймін.

Министр медициналық қызметкер емес, бірақ медициналық мекемеде жұмыс істейтіндердің жалақысы биыл 20 пайызға өскендігін айтты. Бұған қоса, жедел жәрдем жүргізушілерін көмек көрсету процесіне тарту жоспарда бар. Оларды арнайы парамедик маман ретінде даярлап, шұғыл қызмет командасына қосады. Сол кезде жүргізушіге жалақымен қоса, үстемеақы төленеді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар.

Бұған қоса емханаларда жұмыс істейтін медбикелердің міндеттері кеңейтіледі. Олар рецепт жазу мен құжаттарды ресімдеуден басқа, созылмалы аурулары бар пациенттердің жағдайын қадағалайды, проблемаларын шешуді жоспарлайды. Министр болашақта аудандық ауруханалар жанынан жылжымалы әлеуметтік дәріханалар ашылатындығын да айтты. Қазір бұл жаңашылдық Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысында енгізіле бастады. Мұнда ең қажетті препараттар ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Қазір біз айтып жатырмыз. Мынандай қозғалатын дәріханамен қамтамасыз етіңдер. Немесе әрбір медициналық пунктке бұрыштар жасап қойыңдар деп жатырмыз. Өздеріне қалай ыңғайлы, халыққа қалай ыңғайлы, соны жасаңдар деп жатырмыз.

Келер жылдан бастап «Ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылады. Медициналық инфрақұрылым жақсарады. Екі жылда 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны ашылады.

Қазақстандықтардың шамамен 41 пайызы ауылдық жерде тұрады. Орташа өмір сүру жасы 71-ге жуықтайды. Демография мәселесінде де ауыл халқының көрсеткіші республикалық статистикадан 5 пайызға жоғары. Ал ана өлімі 2 есе төмен. Дегенмен ауылды жердегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша атқарылар іс әлі де аз емес.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу