Пандемия кезінде бәсеңдеп кеткен Қазақстан АҚШ арасындағы сауда саттық соңғы екі жыл қатарынан қайта артып келеді. Былтырдың өзінде отыз пайызға өсіп, 2,5 млрд. доллар болған. Биыл Ресейге салынған санкциялар да өзара байланысқа кедергі болмауы тиіс дейді сарапшылар.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясы Қазақстан АҚШ байланысына кері әсер еткен жоқ. Керісінше, сауда саттық арта түскен. Мәселен, биыл жарты жылда 1,3 млрд доларға тауар айналым жасалған. Бұл былтырдан 44 процентке көп.
Ал, биыл Қазақстан экспорты 77 пайызға өскен. Бұған негізінен шикі мұнай және ферроқорытпа сияқты тауарларға сұраныстың артуы себеп. Экспорттың үлесінде қара түсті металдар мен одан жасалған өндірістік заттар да бар. Ал, мұқит асып келетін тауарлардың ішінде жүк көліктері, қозғалтқыштар, вакциналар мен дәрі-дәрмек басым. Жалпы, Қазақстанда екі елдің жеті жүзге жуық бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді.
Эдвард Лемон, Орталық Азия істері жөніндегі «Oxus society» қоғамдастығының президенті:
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған тұстан АҚШ пен өте тығыз қарым қатынас ұстанып келеді. АҚШ-Қазақстан үшін ең үлкен инвестор саналады. Тек мұнай-газ саласында емес, одан бөлек түрлі секторларда жұмыс істеп жатыр. Вашингтондағы, Конгресстегі және Ақ үйдегі әріптестермен пікір алмасқанда, шынымен Қазақстан АҚШ үшін бағалы әріптес екенін байқаймын.
АҚШ - Қазақстандағы негізгі үш инвестордың бірі. Тікелей құйған қаржысы 60 млрд долларға жетіп қалды. Оның үштен бірі тау-кен өнеркәсібіне салынған. Бірақ, екі жақты байланыс шикі зат өндірісімен шектеліп қалмауы тиіс. Биыл қыркүйекте Goldman Sachs, JPMorgan секілді бірнеше ірі қаржы алпауыттарымен кездескен мемлекет басшысының бизнесмендерді тың салаларға қаржы құюға шақырғаны да содан.
Камран Бохари «Newline Institute», Орталығының аналитикалық даму мәселесі жөніндегі директоры:
Менің ойымша дәл қазіргі уақытта АҚШ стратегиялық тұрғыда өзінің байланысын тереңдететін елдің бірі - Қазақстан. Екі ел қарым-қатынасы АҚШ-на келетін қауіп қатерлерді еңсерудің жолы деп санаймын. Қазақстан аймақтағы жетекші ел, Орталық Азия ғана емес, тұтас Еуразия құрлығында маңызды орыны бар мемлекет. Екі елдің байланысы позитивті бағытта өрбіп келеді, десе де біздің әлі де әріптестікті тереңдете түсетін салалар жетерлік.
Нью-Йорктегі кездесуде америкалық инвесторлармен жеті бірдей келісім жасалуы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түспек. Мәселен, Microsoft IT зертханасын ашса, General Electric медициналық құрылғыларды шығаратын кәсіпорын салады, ал, Файзер компаниясы вакцина өндірісін жолға қоймақ.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Қазіргі таңда ондаған ірі америкалық компания Ресей нарығынан шығып жатыр. Келер жылы да трансұлттық корпорациялардың көрші елден кетуі жалғасады дейді сарапшылар. Сондықтан оларды Қазақстанға тартып, өндірісін іске қосуға күш салу керек. Мемлекет басшысының ақш бизнесмендерімен кездесуі де осыны аңғартса керек. Жалғас Сәдібекұлы америка астанасы Вашингтоннан.
Жалғас Сәдібекұлы