Қостанай облысында алапат өрт салдарынан баспанасыз қалғандарға салынып жатқан үйлердің құрылысы аяқталуға таяу. Жаңа қалашық Әулиекөл кентінің іргесінен бой көтерді. Құрылыс жұмыстары 6 қырүйекте басталған. Қысқа мерзімде барлық инфрақұрылыммен қамтылған 91 үй салу жоспарланған еді. Сонымен қатар өрттің кесірінен шығынға батқан кәсіпкерлерге де көмек беріліп жатыр.
Қазір үйлердің бәрінде дерлік ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ауланы қоршап, абаттандыру да мердігердің міндетіне кіреді. Тұрғындар дайын үйге қоныстануы тиіс. Жаңа баспанасының салынып бітуін тағатсыздана күтіп жүргендердің бірі Жұмагүл Рахметова. Ол қазір бала-шағасымен көршісінің үйін паналап жүр. Алапат өрт кезінде Аманқарағайдағы баспанасы өмір бойы жиған тергенімен қоса дым қалмай жанып кеткен.
Жұмагүл Рахметова, Әулиекөл ауданының тұрғыны:
Тоңазытқышым, мұздатқышым, жиһаздарым бәрі кетті. Қыста өзім тігін тігуші едім, бәрі дым қалмай өртеніп кетті. Далада қаламыз ба деп уайымдап едік. Құдайға шүкір үй берді. Қуаныштымыз соған. Соны күтіп жүрміз енді.
Бүгін Әулиекөлде өрттен зардап шеккен 5 кәсіпкерге «Күшіміз бірлікте» қорынан 36 млн теңге көмек берілді. Солардың бірі Акиф Байрамов. 3 қыркүйек күні оның жол бойындағы дәмханасы үйімен бірге өртке оранған. Үйінің орны ғана жатыр, ал дәмхананың қалқиған қабырғасы ғана қалыпты.
Акиф Байрамов, кәсіпкер:
Алғашында шығындарымды есептеп 9 млн теңге берді. Сол қаржыны пайдаланып дәмхананың сыртын дұрыстап жатырмын. Бірақ оны толық қалпына келтіруге бұл аздық етеді.
Ғимаратты қалпына келтіру шығыны қайта есептелген соң бүгін Акиф Байрамовқа «Күшіміз бірлікте» қорынан тағы да14 млн теңге берілді. Қазір кәсіпкердің өзі жатақханада, отбасы туған туыстарын паналап жүр. Құрылыс аяқталған соң бұл отбасына да Әулиекөлдегі жаңа қалашықтан баспана беріледі. Мердігерлердің айтуынша алдағы аптада бірнеше үй толық салынып бітеді.
Дәуренбек Әбдібек