Түркістан облысында сүт өңдеу ісі қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде өңірде 26 ферма мен жиырмаға жуық қайта өңдеу цехы бар. Келешекте облыста кішігірім кешендердің қатары арта түспек. Себебі, инвесторлар ірі зауытқа қарағанда шағын цехтарды дамытуға қызығушылық танытуда.
Төрт жыл бұрын Бадам ауылынан ашылған сүт фермасы қазір жергілікті халықтың тұрақты жұмыс орнына айналды. Мұнда жүзге жуық адам істейді. Фермаға бастапқыда Венгриядан 400 бас сиыр жеткізілсе, қазір оның саны 1200-ден асқан. 480 бас күнделікті сауылады. Бұл жұмыстарды 8 робот атқарады. Яғни бір адам екі роботты басқарып отырады. Ал, асыл тұқымды сиырлар күніне 28-30 литрге дейін сүт береді.
Бауыржан Бақтыбаев, ферма меңгерушісі:
Роботтар сиыр сүтінің көптігіне қарап, ары кеткенде 12-8 минут аралығында сауып үлгереді. Бізде барлық жабдықталған технология оның бәрі роботталған. Бір сиырға мысалы 4,5 кг -нан жем қоятын болсақ, өзінің берген сүтіне қарап, ол робот сол норманы сиырларға тастап беріп отырады.
Ферманың ішкі жұмыстары да негізінен арнайы роботтарға жүктелген. Сиырды сауып, орнын тазалау, қораны салқындатып, ішіндегі жарықтың жеткілігін, тіпті малдың тойғанын да камералар арқылы біліп отырады. Ал зауытта тәулігіне ондаған тонна сүт өңделеді.
Зылиха Абдулдаева, зауыттың бас технологы:
Өнім шығару барысында біз өте мән береміз табиғи өнім шығаруға. Ешқандай қоспасыз, консервантсыз. Осының арқасында сұраныс көбейіп жатыр. Осының арқасында тауарларымыз да көбейіп жатыр.
Дайын өнім негізінен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудан-қалаларына жеткізіледі. Жалпы Түркістан облысы бойынша қазір 26 шаруашылық мал ұстап, сүтті цехтарға өткізеді. Деседе өңірде сүт өңдеу мәселесі өзекті болып тұр.
Ербұлан Жәнібеков, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Мақтарал, Жетісай аудандарында сүт өнімі көп өндіріледі. Бірақ қайта өңдеу цехы болмағаннан кейін, қайта өңдеу цехына инвестор іздеп, біз оларды алып барамыз. Көрсетеміз Сайрам ауданындағы ұсақ және ортадағыны көрсетеміз. Үлкен зауыттар қажет емес. Ұсақтарын дамытамыз, оған мемлекеттік қолдау қарастырылған.
Аталған инвестициялық жобаның құны 10 млн теңгеден басталады. Қазір оған қызығушылық танытқандар көп. Өнімді өткізіп, оны өңдегендерге мемлекет тарапынан субсидия төленеді. Сүттің әрбір литрі мен шығарған өнімге қаржылай қолдау көрсетіледі.
Айнұр Ақбаева