Қызылорда облысында жаңа дәрігерлік амбулаториялар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жаңа дәрігерлік амбулаториялар көбейіп келеді

12.10.2022

Қызылорда облысында соңғы бір жылда 9 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны пайдалануға берілген. Дегенмен, әлі де 27 елді мекен тұрғындары дәрігерлік амбулаторияға зәру. Өзекті мәселені жергілікті билік бюджет қаражатын күтпей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы арқылы да шешіп келеді. Сондай игі істің арқасында Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылында жаңа емдеу мекемесі салынып, бүгінде ел игілігін көріп отыр.

Жаңарықтағы заманауи дәрігерлік-амбулаторияның салынуын көптен күткен жанның бірі Жанат Мырзашева. Қан қысымы ауруымен диспансерлік есепте тұрғанына 10 жылдан асқан. Бұрын денсаулығын тексертіп, тиісті ем-домын алу үшін аудан орталығына қатынауға мәжбүр болатын. Ал, қазір елді мекеннен-ақ сапалы мидицналық көмек алып жатқанына дән риза.

Жанат Мызашева, ауыл тұрғыны:

Ауыл халқы қаншама күтті осы емхананы. Қазір енді жақсы жұмыс істеп жатыр. Мен өзім осы жерде диспансерлік есепте тұрамын. Фельдшерлердің қабылдауында болып, дәрі-дәрмегімді алып, күндізгі бөлімде ем алып, жақсы ойдан шығады.

Бүгінде ауылда 2 мыңға жуық тұрғын болса, Жанат секілді түрлі созылмалы аурулармен 120-дай адам емдеу мекемесіне тіркелген. Жалпы жаңа ғимарат кең және қажетті медициналық қондырғылармен толық жабдықталған. Мұнда бір аға дәрігер және 13 медициналық қызметкер күнделікті ем алушыларға көмек көрсетеді.

Балтабай Махатов, аға дәрігер:

Лаборатория ашылды бұл жерде. Бұрынғыда жоқ түгін. Физо кабинетте, лабораторияда жоқ түгін. Бұл жерде барлығы бар. Сосын ЭКГ кабинетіміз бар. ЭКГ түсіреміз осы жерден.

Жалпы соңғы 4 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында 13 елді мекенде осындай шағын емханалар ашылды. Президент биыл өз Жолдауында шалғайдағы ауыл халқының сапалы медицинаға қол жетімділігін арттыруды тапсырған еді. Облыста осы бағытта арнайы бағдарлама әзірленіп, 2025 жылға дейін ауылдарда 27 дәрігерлік-амбулатория салынбақ.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу