Елордада «КазАгро/КазФарм» агроөнеркәсіптік көрмесі басталды. Мақсаты - ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді көрсету, сала мамандарын біріктіру. Агрокөрме екі күнге жалғасады. Шара аясында қазақстандық-шетелдік компаниялар арасындағы бірнеше меморандумға қол қойылмақ.
Мынау жергілікті ақбас асылтұқымды бұқасы, ал бұл Австриялық Симментал тұқымы, ал мына жерде Эстониядан әкелінген герефорд бұқасы бар. Елордадағы Экспо қалашығының маңында осындай ерекше форматтағы шара өтіп жатыр. Бұл орталық Азиядағы ең ірі «KazAgro/KazFarm-2022» агроөнеркәсіптік фестивальі. Халықаралық деңгейдегі шараға 20-дан астам елден 300-ден аса түрлі ауылшаруашылық ұйымдардың өкілдері, фермерлер қатысып отыр. Сондай-ақ көрме барысында шаруашылыққа арналған көліктер мен құрылғылардың таныстырылымы, мамандандырылған шетелдік жабдықтардың көрме көрсетілімі де ұйымдастырылған. Және асыл тұқымды бұқалар мен қошқарлардың шоуы ұсынылады. Сонымен қатар биылғы агро көрменің ерекшелігі Германиялық Робот сауыншының тұсаукесері жасалып, алғаш рет көрмеге қойылып отыр.
Шолпан Қожабаева, «Kazagro/Kazfarm-2022» көрмесінің ұйымдастырушысы:
Қазақстан – аграрлық ел. Біз бұл саланы дамытуда осы көрмені ұйымдастырып жатырмыз. Біздің қазақстандық фермер – жаңалықтарға, инновацияларға өте лайық болуы керек. Сол деңгейді көтеру үшін биыл біз агроғылымды да көрсетіп, соған акцент қойғымыз келіп отыр.
Ауыл шаруашылығына арналған түрлі іс-шаралар 20 мың шаршы метр аумаққа ұйымдастырылып отыр. Осыған қарап көрменің көлемін бағамдай беруге болады. Және дәстүрлі агрофестиваль тарихында биыл алғаш рет асыл тұқымды, таңдаулы қошқарлардың және ешкілердің тұқымдық материалдарына аукцион болады. Сондай ақ шара барысында «Қазақстанның үздік сауыншысы» конкурсы өтеді.
Жанболат Қобдабай