Тоқаев Катар Әмірін «Алтын қыран» орденімен марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев Катар Әмірін «Алтын қыран» орденімен марапаттады

12.10.2022

Қазақстан мен Катар мемлекеті тауар айналымды 23 есе арттырып, 70 миллион долларға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін елімізде ауқымды инвестициялық жобалар іске асып, экспорт көлемі артпақ. Елімізге сапарлап келген шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осындай келісімге келді. Әрі ризашылығын білдірген Катар Әмірі мемлекет басшысын футболдан өтетін әлем чемпионатына шақырды.

Бүгін Ақордада таңнан бері қарбалас. Бір емес, бірнеше мейманды қарсы алды. Алғашқысы – Қатар мемлекетінің Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәни. Бұл шейхтің қазақ жеріне алғаш келуі емес.

42 жастағы Әл Тәни монархиялы мемлекеттің 4-әмірі. 2013 жылы әкесі биліктен бас тартқан соң таққа отырған. Қадірлі қонақты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Қарауыл, оркестр, әнұран. Протоколға сай барлық сый-құрмет көрсетілді.

Сондықтан көп созбай ел басшылары кеңесуге кірісті. Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына - 30 жыл. Осы уақытта байланыс сан салада беки түсті. Бірақ коронавирус пандемиясы мен геосаяси ахуал елдер арасындағы әлеуетті толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сол себепті соңғы жылдары сауда саттық бәсеңдеп кетті. Ендігі мақсатымыз елдеріміз арасындағы тауар айналымын жандандыру. Бұған қолайлы жағдай жасалды. Экономикалық байланысты кеңейту жолында Үкіметаралық бірлескен комиссия және іскерлік кеңестер маңызды рөл атқарады.

Сауданы жандандырып, байланысты бекемдеу үшін Президент Катар инвесторларын Қазақстанға шақырды. Елімізге қаржы құйып, мол пайда тубудан олар да үмітті. Қазір қалталы бизнесмендер еліміздің биржасына кіріп жатыр. Тіпті жақында Катар банкінің филиалы ашылады. Әрі мал шаруашылығын дамытуға ерекше ниет білдіріп отыр.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:
Hassad Food деген үлкен агрокорпарациялары бар олардың. Біздің қой етін алады олар. Baladnа деген корпарация бар. Олар бізде қара мал өсіру үшін инвестиция салуға дайын.

Біздің кәсіпкерлер де қарап қалмайды. Ет, сүт өнімдерінен бастап азық-түліктің түр-түрін керісінше Катарға экспорттайды. Осы мақсатта бүгін 12 құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер тауар айналымын 3 миллион доллардан 70 миллионға жеткізуге мүмкіндік бермек.

Тәмим Бен Хамад Әл Тәни, Катар Әмірі:
Катар Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті. Сондықтан екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын бұдан әрі жандандыру қажет деп ойлаймын. Әрі сізге қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін алғыс айтқым келеді. Ел халқын алдағы Республика күні мерекесімен құттықтаймын.

Жалпы Катар Таяу Шығыстағы маңызды серіктесіміз. Парсы шығанағындағы 3 млн-ға жуық халқы бар, өте бай мемлекет. Газ бен мұнайдың қоры мол. Елімізге қол ұшын созып, қайырымдылық мақсатта мешіт пен аурухана секілді түрлі нысандарды да салып берген. Бүгін соны бағалап, мемлекет басшысы Катар әмірін еліміздің ең жоғарғы наградасы «Алтын қыран» орденімен марапаттады.

Ал марапатты алып мерейі өскен шейх, қазақ басшысын футболдан өтетін әлем чемпионатына шақырды.

Тәмим Бен Хамад Әл Тәни, Катар Әмірі:
Футболдан әлем чемпионаты биыл Катарда өтетіні белгілі. Бірақ сіздерде ол кезде Президент сайлауы өтеді. Бірақ уақыт тауып, чемпионатқа келесіз деп үміттенемін.

Жалпы Әмірдің Қазақстанға жасаған сапары аясында уағдаластықтар аз емес. Геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика саласында да байланыс арта түспек. Бастысы келісімдерді уақтылы жүзеге асыру. Бұл екі ел қатынасын жаңа деңгейге шығаруға сеп деді, Президент.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу