Елімізде криптовалюта өндіретін майнерлерге талап күшеймек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде криптовалюта өндіретін майнерлерге талап күшеймек

12.10.2022

Елімізде криптовалюта өндіретін майнерлерге талап күшеймек. Енді 2024 жылдан бастап олар өз капиталының 75 пайызына дейін Қазақстандық криптобиржаларға айырбастау міндеттелуі мүмкін. Бүгін Мәжіліс отырысында көлеңкелі жолмен жұмыс істеп, елдегі электр энергиясы тапшылығын тудырған майнерлердің мәселесі майшаммен қаралды. 

Бүгінде ақша айналымының бір бөлігіне айналған майнинг жүйесі қадағалауды қажет етеді. Кртиповалютаны өндірушілерге салық салудан бөлек, қызметін әкімшілендіру жағы да өзекті. Осыған қатысты заң жобасы бүгін мәжілісте таныстырылды. Құжат цифрлық активтерді өндіру мен айналымға шығару саласын қадағалайды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Майнерлер қызметін Цифрландыру министрлігі реттейді және лицензиялайды, ал криптовалюта өндірісі «Астана» халықаралық қаржы орталығының құзіретінде болады деп жоспарланып отыр. Осылайша, Қазақстанның қаржы жүйесі үшін сын-қатерлерді алып тастаймыз.

Бұл салада реттеудің болмауынан капиталды шығару және кірістерді жылыстату белең алғаны белгілі. Мұнда криптовалюта экожүйесін құру кезінде капиталды шетелге шығару жеңілдеп кету қаупі де бар. Заң қабылданса таза капиталы бар адал инвесторлар заңсыз айырбас орындарымен ат құйрығын кесіседі.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Олар қазақстандық криптобиржада ашық келісімдер жасай алады. Қылмыстық жағымен тиісті органдар айналысады. Біз мұны қарастырдық. Криптовалюталардың күдікті операциялар бойынша ақпарат беру міндеттемелері бар. Сондай-ақ, осы құжат аясында кірістерді жасыруға қарсы ережелер бекітіледі.

Мұндағы басты жаңалықтың бірі – осы уақытқа дейін тасада жатып табыс тапқан компанияларға салық салынады. Бірнеше кезеңнен тұратын салық салу жүйесі жабдықтарды әкелуден бастап электр энергиясының әрбір киловатына цифрлық майнинг ақысы есептеледі.

Жандос Нұрмағамбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
Электр энергиясы ең бірінші елдің, өнеркәсіптердің сұранысын жабу керек. Осының барлығы толық жабылғаннан кейін, қалған электр энергия майнингке жібере алады. Бұл квотаны жүйелік оператор бекітіп береді. Және бұл квотаның ішінде болатын бағаны, аукцион арқылы сатып алу керек болады. Майнинг компанияларына, бұл жерде тек ішкі нарықты жауып болғаннан кейін майнингке жібере аламыз.

Бұған дейін энергия тапшылығын тудырған 150-ден астам майнинг компанияның жұмысы тексеріліп, тіпті бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Қазір нарықта заңды түрде жұмыс істеуге ниеттенген 50 ғана компания қалған. Енді оларға цифрлық активтердің түрлері бекітіледі. Сондай-ақ, барлық қаржы айналымының бірегей тәртібі болады. Осылайша 12 баптан тұратын заң жобасы майнерлердің экономика мен әлеуметтік салаға салмақ салмауына барынша ықпал етеді. Әрі бюджетке табыс әкеледі.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу