Flyarystan жаңа қызмет ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Flyarystan жаңа қызмет ұсынды

20.10.2022

Бұдан былай FlyArystan компаниясының жолаушылары ұзақ уақыт кезекте тұрмайды. Қазақстандық әуе компаниясы бүгін «Ijan»атты инновациялық қызметін таныстырды. Алматы халықаралық әуежайында алғаш рет іске қосылған кешен тіркеуден жылдам өтуге көмектеседі.

Әуе компания «Ijan» жобасын әзірлеп, іске қосуға бір жылдан аса уақыт жұмсады. Мақсат біреу. Жолаушылардың уақытына құрметпен қарап, тіркеуді жеңілдету. Жоба авторлары бұл инновациялық қызмет елімізде алғаш рет іске асып отыр дейді.

Эдриан Хамильтон-Маннс, Flyarystan компаниясының басқарушы директоры:

Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Жолаушыларымыз тіркеу уақытымен бірге, мобильді қосымшаның көмегімен барлығын қадағалай алады. «Ijan» арқылы тіркеу уақыты 3 есеге дейін азайды. Қазір әуежайда 8 терминал жұмыс істеп тұр.

Жолаушы «Ijan» кешені арқылы жүктің анықтама қағазын басып шығарып, жүкке жапсыра алады. Компания алдағы 4 айда осындай терминалды 13 әуежайда орнатуды жоспарлап отыр.

Дәуір Еркінұлы, Flyarystan компаниясының менеджері:

Мұндай терминал Қазақстанда әлі жоқ. Орталық Азияда жоқ. Алматы қаласында бүгіннен бастап қосылды. Қараша айынан бастап Астанада қосамыз. 2023 жылдың қаңтар айына дейін бүкіл әуежайларда қосамыз міндетті түрде.

Мұрат Алмағамбетов, жолаушы:

20-30 минут кететін еді. Кезекте тұрамыз. Қазір осындай киоскпен бірге тез өтеміз. 1-2 минутта өттік.

Мұрат Алмағамбетов кешен арқылы алғашқы болып тіркеуден өтті. Компания жолаушыға Қазақстан аумағында бір жылға тегін ұшуға арнайы сертификат табыстады. Келешекте терминалда рейске тіркеу ақылы болмақ. Алайда FlyArystan мобильдік қосымшасы және flyarystan.com мобильдік сайты арқылы әрқашанда тегін болып қала бермек.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу